Сәбит ОРАЗБАЙ,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Атына заты сай болсын

Сәбит ОРАЗБАЙ,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Атына заты сай болсын
qazaqadebieti.kz

Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде бірқатар өзгерістер орын алды. Партияның Саяси кеңес құрамы өзгертілді. Бастысы, партияның атын «Аманат» деп атау туралы ұсыныс айтылып, ол бірауыздан қабылданды. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасаған бұл ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.

Меніңше, бұл атау маған да ұнады. Көңілімде жақсы әсер қалдырды, бір шуақты сезінгендей болдым. "Аманат" сөзі құлаққа жағымды, халыққа жақын ұғым ғой. Менің осы пікірімді Мемлекет басшысының  съезде айтқан: «Бұл - еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз - бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған», - деген сөзі қуаттап тұрғандай.

Жасыратыны жоқ, басқарушы партия жұмысты ұйымдастыруда, елге тиімді шараларды жүргізуде айтарлықтай қателіктер жібергені ешкімге құпия емес. Nur Otan партиясы жаңа саяси күштерге тіркелуге мүмкіндік бермей келгені де рас.

Енді сайланған жаңа саяси құрам осы олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. Партиядағы қағазбастылықты, бюрократияны болдырмауы керек. Мәжіліс пен мәслихаттағы партия фракцияларының халық игілігіне белсенді әрекет жасауына күш салған жөн.

Ұлы Абайдың: «Сөз түзелді, оқырман, сен де түзел» деген ұранды сөзі бар. Осы  сөз жаңа Қазақстан құруға қам жасап жатқан біздің қоғамға қаратылып айтылғандай. Олай болса, атауы жаңарған партия атына лайық болса, игі.