Ризабек Айтмұхан Ұлттық ұлан академиясына барды

Ризабек Айтмұхан Ұлттық ұлан академиясына барды
Сурет: ҚР Ұлттық ұланы Академиясының баспасөз қызметі

Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Ұлттық ұлан академиясына барды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

 Бүгін Петропавлдағы ҚР Ұлттық ұланының Академиясына ел тарихындағы еркін күрестен бірінші әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан арнайы барды.

Атақты спортшыны қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері, ата-аналары мен достары алып жүрді.

Сапар барысында ол Академияның жеке құрамымен кездесті, онда Сербиядағы әлем чемпионаты кезіндегі жеңісті сәті жайлы айтып берді. Сондай-ақ, чемпион ЖОО-ның тыныс-тіршілігімен танысып, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан – ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшісі. Ол Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткеруде.