Режеп Ердоған жеңіске жетті – Түркия Жоғары сайлау кеңесі

Режеп Ердоған жеңіске жетті – Түркия Жоғары сайлау кеңесі
Сурет: Ашық дереккөз

14 мамырда өткен сайлаудың бірінші кезеңінде кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмады

Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңінде іс басындағы президент Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«99 пайыздан астам дауыстарды санау қорытындысы бойынша президент сайлауының екінші кезеңінде іс басындағы мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті», - делінген Түркия Жоғары сайлау кеңесінің ақпаратында.

Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенердің мәліметінше, 99,43 пайз бюллетеньдерді санау қорытындысымен Режеп Тайип Ердоған – 52,14 пайыз, Кемаль Кылычдароглу 47,86 пайыз дауыс жинады.

Еске салайық, жексенбі, 28 мамырда, Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақытпен сағат 17.00-де (Астана уақытымен 20.00-де) жабылды.

14 мамырда өткен сайлаудың бірінші кезеңінде кандидаттардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмады: Түркияның іс басындағы басшысы Режеп Тайип Ердоған – 49,52%, оппозициялық Халық-республикалық партиясының көшбасшысы Кемаль Кылычдароглу – 44,88%, «Альянс АТА» блогынан кандидат Синан Оган – 5,17%, «Отан» партиясының өкілі Мухаррем Индже 0,43%.

Сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жету үшін үміткерлер 50 пайыздан астам дауыс жинауы тиіс еді.