Ресейде қанша қазақстандық тұрып жатыр?

Ресейде қанша қазақстандық тұрып жатыр?
Сурет: ашық дереккөз

 Биыл қанша отандасымыздың Ресейге барып, көші-қон қызметінің тіркеуіне алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында 110 мыңнан астам қазақстандық Ресейдің көші-қон бақылауына алынды. Оның 60 мыңға жуығы – студенттер. Қазір жаз мезгілі, мүмкін кейбірі кетіп қалған шығар, бірі сол елде қалған болуы мүмкін. Сондықтан Ресейде қанша азаматымыз бар екендігі туралы нақты есеп жүргізу өте қиын», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифинг барысында тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Одан бөлек, баспасөз мәслихаты барысында: «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамына кірген қазақстандықтар бар ма, олар әскери әрекеттерге қатысқан жоқ па?», - деген сауал қойылды.

Айбек Смадияров: «Бізде ешқандай ресми ақпарат жоқ», - деп қысқа қайырды.

«Ресейдегі жағдай бойынша елге келемін деген студенттер болды. Соңғы 2-3 күн ішінде «Азаматтарымызды неліктен эвакуция жасамайсыздар? деген көп сұрақтар болды. Айтайын дегенім, екі ел арасындағы шекара ашық, Ресейде соғыс жарияланған жоқ. Әуе қатынасы да қалпында, пойыздар мен көліктер жүріп жатыр. Сондықтан әр адамның өз еркі. Азаматтарымызды эвакуациялайтын жағдай емес», - дейді ведомстводан.