Радиофобия Алматыдағы интернетті тұсаулап отыр

Радиофобия Алматыдағы интернетті тұсаулап отыр
mikhed.com

Газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде радиофобия ұғымы және оның қоғамға зияны туралы тоқталып өткенбіз. Бұл мәселені елімізде қызмет көрсететін байланыс операторлары да айтып отыр. Атап айтқанда, «Beeline» брендімен қызмет көрсететін «Кар-Тел» компаниясы тұрғындар шағымы салдарынан Алматының қандай тұрғын үйлерінде интернет сапасының төмен немесе мүлдем жоқ екенін хабарлады.

Аталмыш компания БАҚ өкілдеріне арналған кездесу ұйымдастырып, байланыс саласы және радиофобия туралы мәліметтермен бөлісті. Компания деректеріне сүйенсек, 2022 жылы тұрғындар шағымы бойынша 340 байланыс станциясы мүлдем алынып тасталған не басқа орынға көшірілген. Ал 2021 жылы адамдар қарсылығы салдарынан жоспарланған байланыс станцияларының 40 пайызы уақытында орнатылмаған және бүгінде өз уақытында орнатылмаған 627 станцияның жабдықтары қоймаларда тұр. Сондай-ақ, компания өкілдері әрбір үшінші байланыс станциясының құрылысы қарсылыққа тап болатынын айтады.

Ұялы байланыс операторының мамандары радиофобия мәселесі ауылдарға қарағанда ірі қалаларда кездесетінін айтады.

– Шалғай ауылдарда адамдар 2G не 3G жылдамдығымен отырады. Олар біз барсақ, қуана қарсы алады. Тіпті байланыс станциясы орнатылғанда ауыл болып той жасайтын жағдайлар да кездескен. Бір қызығы – қала және аудан орталықтарының тұрғындары радиофобияға көбірек бейім болып келеді. Радиофобиядан басты зардап шегіп отырған Алматы және Астана қалалары, – деді «Кар-Тел» желісін пайдалану бөлімінің басшысы Руслан Аюпов.

Компания өкілі байланыс станциясынан қорқып, оны орнатуға қарсылық білдірген және соның салдарынан интернет байланысы жоқ не жылдамдығы төмен Алматыдағы тұрғын үй кешендерін таныстырып өтті. Олар:

  • «Alma city» ТК;
  • «Alma city-5» ТК;
  • «Верный» ТК;
  • «Береке» ТК;
  • «Шахристан» ТК;
  • «Сезам» ТК;
  • «Әлім» ТК;
  • «Samal Tower» ТК;
  • «Три Богатыря» ТК
  • «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2», «Орбита», «Тастақ», «Жас қанат» ықшамаудандары.

– Құрылыс жүргізуші компаниялар немесе МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) төрағалары бізден интернет қосып беруімізді сұрайды. Біз оған келісіп, жаңа тұрғын үйлердің шатырына шағын байланыс станцияларын орнатамыз. Бірақ біраз уақыт өткен соң, сол үйдің тұрғындары шағым жасап біздің құрылғыларды алып тастайды. Жақында мұндай жағдай Алматыдағы «4YOU» тұрғын үй кешенінде орын алды. Үй тұрғындары байланыс станциясын барлық ток көздерінен өз беттерінше ажыратып тастаған, әрі біздің компанияға ескертпеген. Бүгінгі күні бұл жерде тұратын адамдар қайтадан интернет әлсіз екеніне шағымданып отыр, – деп атап өтті Р.Аюпов.

Сондай-ақ, ол жалған ақпаратқа сеніп, байланыс станцияларын алып тастау салдарынан тұрғындардың өздері зардап шегетінін түсіндіріп өтті.

– Кей тұрғындар байланыс станцияларын үйдің жертөлесіне немесе үйден аулақ жерге орнатуымызды сұрап жатады. Бірақ мұндай жағдайда біздің станциялардан ешқандай пайда болмайды. Байланыс станциялары жақсы жұмыс істеуі үшін ешқандай кедергісіз бір-біріне қарап тұруы керек. Оның алдын бір нәрсе шектейтін болса, байланыс желілері одан өте алмайды. Сондай-ақ, айтылған станцияларды тиісті орынға емес, үйден алыс жерге орнататын болсақ, онда интернет тұрғын үйде емес, басқа жерде болатынын түсінбей жатады. Түптеп келгенде, шағым жазып, базалық станцияларды алып тастағаннан кейін тұрғындардың өздері зардап шегеді, – деп түсіндіреді ол.

«Кар-Тел» желісін пайдалану бөлімінің басшысы қауесет сөзге еріп, радиофобияға сенудің қажеті жоқ екенін айтады.

– Осы орайда, ұялы байланыс операторлары үшін өте қатал талаптар қойылатынын айта кеткен жөн. Бізде сантиметріне 10 микроватт соққы рұқсат етілген. Америка, Еуропа елдерінде бұл талап 100 не одан көп болуы мүмкін. Яғни біздегі қуаттылық 10 есе аз. Адамдарға жылдам интернет болғаны ұнайды, бірақ оған өздері қарсы әрекет жасайды. Тұрғындар қолдарындағы телефон базалық станциямен бір байланыс желісінде жұмыс істейтінін түсінуі қажет, – дейді Руслан Аюпов.