QazVac вакцинасын шығаратын зауыт іске қосылады

QazVac вакцинасын шығаратын зауыт іске қосылады
Сурет: 24.kz

Қазақстандық вакцина елімізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Күзге қарай Жамбыл облысындағы QazVac вакцинасын шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Шынымен де қазақстандық вакцина елімізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие болып отыр. Әрине, QazVac вакцинасының танымалдығын арттыру және оны өзге елдерге жеткізу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Процедура ұзаққа созылады. Елдердің вакцинаны өзара мойындауы, жеткізілетін елде тіркелуі қажет. Бұл жұмыстарды біртіндеп бастаймыз. Қазір бұл вакцинаны алуға ниет танытқан серіктестерді іздестіріп жатырмыз. Барлық реттеуші құралдар іске қосылған», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Алексей Цойдың айтуынша, Жамбыл облысындағы QazVac вакцинасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Зауыт іске қосылғаннан кейін ішкі және сыртқы нарықты қажетті вакцинамен қамтамасыз етуге қауқарлы болады.

«Зауытты іске қосу және жөндеу жұмыстары аяқталды. Құрал-жабдықтарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, регламентке байланысты процедуралар жүргізілу үстінде. Күзге қарай бұл зауыт іске қосылып, өндірістік қуатын біртіндеп арттыруы тиіс», - деді министр.