Пусан кинофестивалінде Жанар Айжанованың өнері жоғары бағаланды

Пусан кинофестивалінде Жанар Айжанованың өнері жоғары бағаланды
Сурет: Kazlenta.kz

Бүгінде Қазақстан халықаралық кинофестивальдердің тұрақты қатысушысы.

Бұл жолы таңғы шық елінде өтіп жатқан 27-ші Пусан халықаралық кинофестивалінде Фархат Шәріповтың «Схема» фильмі ең үздік азиялық фильм атағына таласады. Танымал байқауда қазылар алқасы актриса Жанар Айжанованың жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com-ға сілтеме жасап.

Ол ең үздік әйел рөліне үміткерлердің бестігіне енді. Актрисаның айтуынша, мұндай беделді кинофорумға қатысудың өзі жеңіс.

«Киноға кеше ғана келгенмін, әлі 10 жыл болған жоқ. 6-7 жылдың ішінде көзге ілігіп келіп, үздіктердің қатарына кірген менде арман жоқ. Сондықтан да жастарымызға біздің жолымызды берсін, бізден әрі қарай асып кетсін, фестивальдардан қалмасын, жүлделі орынға ие болсын», - деді әнші, актриса Жанар Айжанова.

Кинофестивальге режиссер Дарина Манапова да қатысуда. Бұл жерде оның шетелдік әріптестерімен бірлесе түсірген фильмінің көрсетілімі болады. Даринаның картиналары бұрыннан белгілі болғанымен, ол үшін Пусан киноакадемиясында оқу - жаңа жетістіктерге апаратын жол.

«Мен мұнда 10 адамнан құрылған командамен бірге фильм түсіріп жатырмын. Менімен бірге 3 режиссер 10 күн бойы бір қысқаметражды фильмді түсіреміз. Оның алдында бір айлық өндіріс алдындағы дайындық бар. Бұл - шын мәнінде, бірегей бағдарлама, өйткені, менің ойымша, Азияда баламасы жоқ. Бізбен күнде сөйлесетін және бұл сирек кездесетін жоғары санатты мамандардан, тәлімгерлерден кеңес алуға үлкен мүмкіндік бар», - дейді режиссер Дарина Манапова.