Президент Ақтауда аурухана мен жедел жәрдем станциясын салуды тапсырды

Президент Ақтауда аурухана мен жедел жәрдем станциясын салуды тапсырды
Сурет: Ult.kz

Маңғыстау – бала туу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұрған өңір. 

Мемлекет басшысы Маңғыстау жұртшылығымен өткен кездесуде мұның қуантарлық жайт екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Сондықтан, демографиялық өсім болған жерде міндетті түрде тиісті әлеуметтік инфрақұрылым да болуы қажет. Себебі, ана мен бала денсаулығының мықты болуы – елдің даму көрсеткіштерінің бірі.

Денсаулық сақтау жүйесі талапқа сай болуы керек. Сапалы медициналық қызмет облыстың барлық тұрғындарына қолжетімді болуға тиіс. Биыл менің тапсырмаммен Мұнайлы ауданында орталық аурухананың құрылысы басталды. Жедел жәрдем қызметтерін, санитарлық автокөліктерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Барлық аудандардың жедел жәрдем бөлімшелері ғимаратқа жарымай отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Ол облыс орталығында көпбейінді аурухана және жаңа жедел жәрдем станциясын салу мәселесін қарастыру қажет екенін жеткізді. Содан соң Үкіметке осы мәселелерді пысықтап, шешу үшін қаржы бөлуді тапсырды.