Польшамен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды

Польшамен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды
Сурет: ашық дереккөз

Билли Джин Кинг кубогінің (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында Ұлттық теннис орталығында Қазақстан – Польша матчы өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Кортқа алғашқы болып Қазақстаннан әлемнің 45-ракеткасы Юлия Путинцева мен Польша құрамасынан дүниежүзілік рейтингте 19-орында тұрған Магда Линетт шықты.

Осыған дейін қарсыластар өзара жеті рет кездесіп, соның бесеуінде Магда жеңіске жеткен.

Әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек Астанаға келе алмағандықтан, М.Линеттің өз командасының көшбасшысы саналуы заңды еді.

Бірінші партияда поляк спортшысы 4:0 есебімен алға кетті. Тек содан кейін ғана Юлия есепті қысқартты – 2:4. Магда есеп 5:2 болып, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан соң қазақстандық теннисші күш алды – 7:5.

photo

Қатарынан жеті геймді өз есебіне жазған Ю.Путинцева екінші сетті де сәтті бастады – 2:0. Содан соң тағы бір брейк жасап, 4:1-ге жеткізгенімен, Линетт сол бойда қайта қысқартты. Дегенмен Ю.Путинцева бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 46 минутқа созылған кездесу барысында Ю.Путинцева 8 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

Осылайша, Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.

Бүгін сондай-ақ Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингте 253-сатыдағы Вероника Фальковска шеберлік байқасады.

Қалған бәсекелер ертең жалғасады. Үш жеңіске қол жеткізген команда әлем чемпионатына жолдама алады.


photo