Петиция институты бекітілді

Петиция институты бекітілді
Сурет: ашық дереккөз

 Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. 

Осы заңға қатысты Мәденет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі арқылы өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 
Кеше азаматтық қоғам саласында екі маңызды оқиға болды: Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қойды және онлайн петициялар институтын заңмен бекітті.
Президент бастамашы болған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның мақсаты – ел азаматтарының мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету.
Заң азаматтық қоғам институттарын одан әрі нығайтуға бағытталған.
Оның аясында петиция институты ресми түрде реттеледі.  Енді қазақстандықтар арнайы интернет-портал арқылы петиция жібере алады.
Бүгінде қоғамымызда интернет-платформаларда сенімділік пен қауіпсіздікке кепілдік бермейтін әртүрлі мәселелер бойынша петицияларды ұйымдастыру кең таралуда. Нақты ережелердің болуы қоғамға осы маңызды құралды тиімдірек және тәртіппен пайдалануға мүмкіндік береді.
Заң өтініш берудің бірнеше шектерін белгілейді.  Аудандық деңгейдегі петицияларды ең аз дегенде 2,5 мың азамат қолдауы керек.  Өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қол қоюы қажет.
Өтінішті қарау процесі мүмкіндігінше ашық болады, қажетті қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.  Соңғы шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды.
Петиция институты түрлі мәселелер бойынша қоғамдық пікірдің нағыз барометріне айналады деп ойлаймын.
Айта кетерлік жәйт, «Қоғамдық бақылау туралы» заңды дайындау бойынша ауқымды жұмыс 2021 жылы үкіметтік емес ұйым өкілдері, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері мен шетелдік сарапшылардан құрылған жұмыс тобының көмегімен атқарылды. Осы сәтті пайдалана отырып, аталған заңды әзірлеуге белсене қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді, -деп жазды Аида Балаева.