Парламент Ұлттық қордан балаларға ақша аударуды заңнамалық тұрғыда бекітті

Парламент Ұлттық қордан балаларға ақша аударуды заңнамалық тұрғыда бекітті
Сурет: Самат Құсайынов

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

«Заң жобасы 2023 жылғы 23 мамырда Парламент Мәжілісіне енгізілді. Құжаттың негізгі мақсаты - кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау. 2023 жылғы 20 қыркүйекте Мәжіліс қабылдаған заң Парламент Сенатының қарауына жіберілді. Сенат 13 қазанда заңды қайтарды және құжатқа 10 түзету енгізілді. Оның ішінде 5 түзету редакциялық-нақтылау сипатында, ал қалған бесеуі заңның жекелеген нормаларын заңнамалық актілерге сәйкес келтіруді көздейді. Атап айтқанда, мақсатты жинақтауда Бірыңғай зейнетақы қорындағы шоттарға аудара отырып, екінші деңгейлі банктерде, ұлттық пошта операторында ашылған банк шотынан аударуды реттейтін нормалардағы долларды теңгеге айырбастау «аударым күніне» емес, «аударым сәтіне» деп өзгертілді. Сонымен қатар, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық Заңның қолданылуы тоқтатылуына байланысты терминологиялық біріздендіру үшін «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңына түзету енгізілді. Сенат енгізген түзетулер заңның тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мәжіліс комитеті Сенатының өзгерістерімен және толықтыруымен келісуді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Жалпы отырыс барысында палата депутаттары Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны іске асыруды ұсынды. Бұл жоба - өскелең ұрпақтың ересек өмірге нақты жолдама алуына бағытталған алғашқы қадам. Қазір ресми деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 6,7 млн адамды құрап отыр. Заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражаты білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдаланылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 12 қазанда Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жекелеген баптары мақұлданбады. Бұл ретте, аталған баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, құжат Мәжіліске қайтарылған еді. 

Бұл тұрғыда заңның кейбір ережелерін ішінара сәйкестендіру ескерілген. Мұнымен қоса, Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерінің құзыретін регламенттейтін қайталанатын нормаларды алып тастау қарастырылды. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық Заңның қолданылуы тоқтатылуына байланысты «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңның нормаларына сәйкес келтіру қамтылған. Банктер мен салымшылар арасында даулы жағдайлардың туындау тәуекелдерін болдырмау мақсатында пайдаланылмаған нысаналы жинақтарды төлеу қаражатын банктік шоттардан БЖЗҚ шоттарына АҚШ долларымен аудару кезінде «аударым күніне» емес, «аударым сәтіне» теңгемен айырбастау ескерілген.