Парламент Мәжілісі: VII және VIII сайланым арасында қандай айырмашылық бар?

Парламент Мәжілісі:  VII және VIII сайланым арасында қандай айырмашылық бар?
almaty-akshamy.kz

    Газеттің өткен санында Мәжіліс сайлауына бір жыл толуына орай сараптамалық мақала дайындаған едік. Былтыр 19 наурызда кезектен тыс сайлауда халық Мәжілістің жаңа құрамын сайлады. VIII шақырылымдағы Мәжіліс 29 наурызда ресми жұмысқа кірісті. Бүгін көзді ашып-жұмғанша бір жыл өте шықты. Ендеше өткенге назар аударып, VII сайланыммен арадағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарды іздеп көрейік.

     

    Өтпелі кезең

    VII сайланымдағы Парламент Мәжілісін өтпелі кезеңдегі Парламент деп атаса болады. Себебі ол кездегі Мәжіліс елімізде өтіп жатқан билік транзиті кезеңінде өмір сүрді. 2021 жылы 15 қаңтардан 2023 жылдың 19 қаңтарына дейін екі жылдан астам уақыт жұмыс істеді.

    2022 жылы 1 ақпанға дейін Нұрлан Нығматуллин Мәжіліс төрағасы қызметін атқарды. Кейін оның орнын Ерлан Қошанов басты. Мәжілістің құрамына келер болсақ, бастапқыда үш партия билікте болды. Олар билеуші «Nur Otan» және оппозициялық «Ақ жол», «ҚХП» партиялары. 2022 жылы ақпанда «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды. Депутаттық топтың құрылатыны туралы 11 ақпанда депутат Еділ Жаңбыршин хабарлаған. Топтың үш тең төрағасы болды. Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым және Наталья Дементьева үшеуі де сол кездегі «Nur Otan» партиясының мүшесі болатын. Депутаттық топ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдау мақсатында құрылды.

    Осылайша үш фракциядан бөлек «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылды. Уақыт өте келе бұл топ аты өзгерген билеуші партияға қайта сіңісіп кетті. 2022 жылы 1 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев өзі төрағалық еткен билеуші партияның атауын «AMANAT» деп өзгертуді ұсынды. Партия мүшелері ұсынысты бірауыздан мақұлдады. Кейін Президент төрағалық қызметтен кетіп, оның орнына Ерлан Қошанов сайланды.

    Сол жылы Мәжіліс құрамы ғана емес, құрылымы да өзгерді. 5 маусымда республикалық референдум өтті. Конституциялық реформа аясында өткен сайлауда Мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге азайды. Қазақстан Халқы Ассамблеясынан 9 депутат енді сайланбайтын болды. Мәжіліс 2023 жылдан бастап аралас жүйе бойынша жасақтала бастады. Ендігі 30% депутат бірмандатты аумақтық округтерден, 70% партиялық тізім бойынша сайланады.

    2023 жылы 19 қаңтарда Мемлекет басшысы VII шақырылымдағы Мәжілісті тарату туралы жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді. Сайлау қорытындысы бойынша Мәжіліске алты партия өтіп, 29 өзін-өзі ұсынған депутаттар сайланды. Атап өтер болсақ, «AMANAT» - 40, «Respublica» - 6, «Ақ жол» және «ҚХП» - 5 мандаттан, ал «ЖСДП» - 4 мандатты иеленді.

     

    Кім белсенді?

    Мәжілістегі фракциялардың белсенділігін анықтау жолдарының бірі депутаттық сауалдарды талдау. Ол сандық әдіс болғанымен, маңызды қорытынды шығаруға болады. Мысалы, VII шақырылымдағы депутаттар 785 сауал жолдаған. Ал VIII шақырылым депутаттары өткен жылы 486 сауал жолдаған. VII шақырылым I сессияда 233, VIII шақырылым 252 сауал дайындаған. Бұрынғы Мәжіліс II сессияның бірінші жартысында 284, ал қазіргі депутаттар 234 сауалмен аяқтаған. Демек өткен шақырылым бұл кезеңде белсендірек жұмыс істеген.

    Фракциялар бойынша сауалдар саны бойынша «AMANAT» партиясы көш бастап тұр. VII шақырылымда 385, ал 2023 жылы 229 депутаттық сауалмен алда келеді. Келесі орындарға «Ақ жол» (253), «ҚХП» (204) жайғасқан.

    Сонымен қатар, бірмандатты аумақтық округтар бойынша сайланған депутаттар ерекше белсенділік танытуда. VIII шақырылымның I сессиясында 27, II сессияның бірінші жартысында 25 сауал жолдаған. Бұл кезеңде саяси белсенділігі жағынан «AMANAT» және «Ақ жол» фракцияларына есе жіберді.

     

    Сауал мен талап сәйкес емес

    Қай шақырылым болмасын Мәжіліс жұмысында бір кемшілік бар. Депутаттық сауалдар мен сайлаушылардың талап-тілектері сәйкес келмей отыр. Мысалы, VII шақырылымда сауалдардың басым көпшілігінде әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері көтерілген. Бірақ азаматтардан келіп түскен 14 мыңнан астам өтініштің 6 мыңға жуығы сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері бойынша түскен.

    Қазіргі Мәжіліс жұмысында да осы кемшілік байқалады. 500-ден аса сауалдың 144-і әлеуметтік мәселеге арналған. Ал азаматтардың өтінішінің басым көпшілігі сол баяғы сот төрелігі мен құқықтық тәртіп бойынша келіп түскен.

    Мәжілістің VII шақырылымының тағы бір ерекшелігі бар. II сессия барысында Қоғамдық қабылдау институты енгізілді. Депутаттар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жолға қойылды. Екі шақырылымның да ұқсастығы азаматтар ұқсас мәселелерді көтерген. Мысалы, VII шақырылымда сот төрелігі мен құқықтық тәртіп, әлеуметтік, тұрғын үй мәселелері ең көп көтерілген. Ал қазір азаматтардың шағымдарының мазмұны өзгерген. VIII шақырылым депутаттары келесі мәселелер бойынша азаматтардың арыз-шағымын қабылдаған:

    • тұрғын үй алу, қарызды өтеу
    • азық-түлік пен коммуналды қызметтер бағасының өсуі
    • жұмысқа орналастыру
    • жұмыстан заңсыз шығару
    • жергілікті атқарушы органдардың өтініш берушілердің жолданымдарын сапасыз қарауы
    • қылмыстық және азаматтық істер