Өзекті мәселенің түйіні тарқады

Өзекті мәселенің түйіні тарқады
almaty-akshamy.kz

Халық  қашаннан  сайлауға зор үмітпен барады. Өзі таңдаған үміткеріне  дауыс бере отырып, аманатына адал  болса  деп сенім артады.  Әрине, халықтың ойлағаны дәйім бола бермесі анық.  Дегенмен, сайлаушыларының сенімінен шығып,  берген уәдесіне сәйкес  өз бағдарламасын жүзеге асырып жүрген   Дулат Тастекей  аз  уақыттың ішінде   біраз шаруаның басын қайырды.  Өзі  сайланған Жетісу ауданына қарасты No18 сайлау округі бойынша  аталмыш ауданның біршама  жоғы түгенделіп, жыртығы жамалып жатыр.  Алматы қаласы Мәслихатының   депутаты Дулат Тастекей  №112  жалпы білім беретін мектепте  тағы да халықпен кездесті.

Бұл жолы да тұрғындар  біраз өзекті мәселенің басын ашты.  Бұл маңайда қаңғыбас иттердің тым көбейіп кетуі  әсіресе балалардың өмірі үшін  қорқынышқа айналғанын жекізді.  Мектептен қайтқан  балалары үшін қатты алаңдайтынын айтып, депутаттан араша сұрады.  Қаңғыбас иттер мәселесі бойынша  кездесуге әдейі шақырылған  Алматы қаласының «Қалалық ветеринария қызметі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының  міндетін атқарушы  М.Мадиаров  қаңғыбас  иттерді аулау,   үй жануарларына ветеринарлық қызмет көрсету бойынша қойылған   сауалдарға  жауап беріп, қаңғыбас иттерді  аулайтын  арнайы  орталық  мамандарына тапсырма берді.  Кездесу барысында көтерілген  тағы бір өзекті мәселе- көшелердегі шұңқырлар,  жұмысы   бітпей қойған    жөндеу  жұмыстары туралы болды.

 Сонымен қатар, тұрғындар  бұл маңайда  балаларға арналған спорттық-сауықтыру орталықтары мен клубтың  жоқ екенін де  ашына айтты. Дәл осы аумақта әлі күнге дейін  қоғамдық көліктің  аз  қатынайтыны, оның жұмыс сапасының  нашар екені  де әңгімеге арқау болды.

Тұрғындардың бұдан да өзге   мәселелері бойынша  Мәслихат депутаты  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түсіндірме берді. Сонымен қатар,  кейбір мәселелерді одан әрі шешуге ықпал ету үшін депутаттық сауал жолдап, оны  жеке бақылауға  алуға уәде берді.  Тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің орындалуы үшін тиісті  сала қызметкерлеріне  бірқатар тапсырмалар берді.  Осы жолғы кездесуге депутат бос келмей,  мектеп ұжымына оқушы орындықтарын сыйға тартты. Аталмыш  мектептің кеңейтіп, қосымша ғимарат салу  жұмысын тікелей өзі қадағалайтын болды. Тұрғындардың сауалдарын  орындалу  нәтижелері туралы әлеуметтік желідегі парақшасында  хабарлайтын болады.