Хаменованың соты: інісі Арман Хаменов мәлімдеме жасады

Хаменованың соты: інісі Арман Хаменов мәлімдеме жасады
Сурет: Ашық дереккөзі

Бақытгүлдің өз баспанасы да жоқ

31 қазанда Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша өткен кезекті сот отырысында тараптардың жарыссөзі тыңдалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Ақ Жайық» газетіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова сотталушы Рысқалиевтің сотта берген екі түрлі айғағы бір-біріне қайшы болғанын және Рысқалиевтің Антикор қызметкерлері «инструктаж өткізді» деген сөзіне дәлел болмағанын алға тартты. Бұдан басқа, Хаменоваға қатысты тергеу материалдары мен аудиожазбалардағы «манағыға өте сақ бол», т.б. сөздер параға қатысты екенін білдіретінін жеткізді.
Бұдан кейін Хаменованың қорғаушысы әрі інісі Арман Хаменов сөз алды.

«Бақытгүл 10 айдан бері Антикордың қиялынан туған жаланың зардабын тартып келеді. Біз әке-шешеміздің тәрбиесін көріп, әкеміздің «Істегенді мойында, адал жолмен жүр» деген тәрбиесімен жүріп келеміз. Егер Бақытгүл пара алған адам болса, осылай ағайын-туыстары болып, оны қолдауға келер ме едік? Біреуге күлкілі болар, бірақ шынын айтқанда, Бақытгүлдің өз баспанасы да жоқ. Атырауда қызметтік пәтерде тұрды, Астанада Парламент үйінде тұрды», - деді інісі.

Бұдан кейін Хаменова сотқа болған жайтқа қатысты 40 беттен тұратын өзінің уәжін жеткізді.

«Бұл бассыздық мен үшін және менің туыстарым үшін аса құнды абыройымды аяқ асты етті, жақындарымның денсаулығын нашарлатты. Ең сорақысы - науқас анама және балаларыма арнауға тиісті уақытымды ұрлады. “Хаменованың Адамовтан пара алу ниеті болды және параны Рысқалиев арқылы талап етті” деген айып жалаң сөз ғана», - деді Б.Хаменова.

Тараптардың жарыссөзінен кейін сот төрағасы Жұмағали Ташимов келесі отырысты 14 қарашаға қалдырды.

Еске салайық, бұған дейін айыптаушы тарап соттан Хаменова мен Рысқалиевті мүлкін тәркілеп, 7 жылға бас бостандығынан айыруды және өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыруды, ал пара берді деп айыпталған кәсіпкер У.Адамовты 4,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.