Отандық өнім: Біздікі шет елден кем емес

Отандық өнім: Біздікі шет елден кем емес
almaty-akshamy.kz

Алматы тұрғыны Дәурен Нығметмыңжани жүк көліктеріне арналған ауа сүзгілерін жасау үшін 20 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Қаражат «Almaty Business–2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген.

– Мен үш жылға жылдық 6%-бен несие алдым, соған орай 6 айға «салықтық демалыс» беруді өтіндім. Бұл өз кәсібімді ашамын деген тәуекелшіл жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған өте үлкен қолдау деп санаймын. Ойыңа алған істі жүзеге асыру бастапқы кезеңде кім-кімге де оңайға тимейді. Осы орайда «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының маған берген тегін кәсіпкерлік кеңестеріне, бизнес-жоспар әзірлеуіме көмектесіп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізгеніме дейін бірге жүріп риясыз қолдау көрсеткен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – дейді Дәурен Нығметмыңжани.

Жүк көліктеріне арналған ауа сүзгілері жасалатын қажетті шикізат – мырышталған тор мен қағазға арналған металл бумасын өзіміздің елден сатып алыпты. Бүгінгі нарықта мұндай шикізаттың ресейлік және қытайлық түрлері бар, бірақ олардың бағасы аса қымбат. Ал отандық шикізаттардың сапасы олардан кем емес дейді Дәурен.

– Біздің өнім Алматы, Ақтау, Тараз, Өскеменде үлкен сұранысқа ие. Қазір біз қытайлық «Hovo» жүк көліктеріне арналған ауа сүзгілерін жасап жатырмыз. Болашақта жеңіл автокөліктерге арналған сүзгілерді шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.

Әзірге Қазақстанда оның қолға алған саласы бойынша бәсекелестер жоқ. Дәуреннің цехы айына 1500 дана өнім өндіреді, 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.