ОСК төрағасы алматылықтармен кездесті

ОСК төрағасы алматылықтармен кездесті
Сурет: Almaty.tv

Кездесуде сайлауды өткізуді оңтайландыру жолдары қарастырылды.

«Елімізде сайлау ережесіне сай, әділ өтуі тиіс». Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Алматы қаласының қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен және тәуелсіз бақылаушылармен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

 Жиында сайлауды өткізуді оңтайландыру жолдары қарастырылды. Айта кетейік, жыл басынан бері Нұрлан Әбдіров еліміздің 14 өңірін аралап, халықпен осындай кездесу өткізіп келеді.

«Президентіміздің маған берген тапсырмасы ел аралап келіңіз, бүкіл халықпен кездесіңіз. Ол ашық әңгіме болсын, көкейіндегі мұң-мұқтажы бар болса естіп, нақты ұсыныстарын тыңдайық.  Сұрақтарына жауап беріп, заң жүйесінде тиісті өзгертулер қажет болған жағдайда оны да ойластырайық деді», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Жастар пікірі де назардан тыс қалған жоқ. Алматылық студенттермен кездескен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауды цифрландыру, саяси реформаларды жүзеге асыру сынды мәселелерді ортаға салды.

«Нұрлан Мәжітұлының айтып отырғаны - халықты естиік, тыңдайық. Қандай жұмыста өзгерістер енгізуіміз керек. Ертең заңнама қабылданады, сол кезде не кіргізу керек? Сайлау халық үшін ғой. Ел үшін. Сондықтан мұндай кездесулердің пайдасы зор», – деді қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов.