Орталық спорт клубының балуандары Қазақстанның VI спартакиадасында олжалы өнер көрсетті

Орталық спорт клубының балуандары Қазақстанның VI спартакиадасында олжалы өнер көрсетті
Сурет: Министрлік

Сайыс 10 салмақ дәрежесінде өтті

Қазақстанның VI спартакиадасына күрес түрлері бойынша қатысқан Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының балуандары төрт алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жарысқа республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың құрама командалары қатысты. Спартакиада халықаралық күрес федерациясының ережелері бойынша әр стильде 10 салмақ дәрежесінде өткізілді.

"Мұндай жарыстар олимпиадалық ойындардың беделін танымал етуге, өңірлерде спортты дамытуға ықпал етеді. Спартакиада қорытындысы бойынша рейтингтік турнирлерге қатысу үшін грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша ұлттық құрама командалар жасақталады", - деді Спорт комитеті төрағасының орынбасары – Қорғаныс министрлігінің штаттық командаларды даярлау орталығының бастығы, подполковник Әнуар Үсенов.