Омбы-Майқапшағай тас жолына жұмсалуы тиіс 21 млрд теңге талан-таражға түскен – Антикор

Омбы-Майқапшағай тас жолына жұмсалуы тиіс 21 млрд теңге талан-таражға түскен – Антикор
Сурет: Ашық дереккөз

2022 жылы жолдарға 814 тексеріс жүргізілді

Омбы-Майқапшағай жол құрылысының бітпей жатуына 21 миллиард теңгенің талан-таражға түсуі себеп болуы мүмкін. Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тексеріс күшейтілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жалпы өлкедегі жолдарда заңсыздықтар жиі анықталып жатыр. Бұған өткізілген рейд нәтижелері айғақ. Омбы-Майқапшағай жол құрылысы бойынша әлі бір оңған нәтиже жоқ.Осы жазда аяқталу керек болған жоба тағы екі жылға созылды. Талай себеп айтылды. Енді ол қатарға жемқорлық та қосылуы мүмкін. Құзырлы орган өкілдері мердігер компания өте қомақты қаражатты қалтасына салуы ықтимал екенін мәлімдеді, - деп хабарлады "Хабар-24".

«Қалбатау Майқапшағай автожол құрылысына қатысты 21 миллиард теңгені мақсатсыз пайдалану, яғни талан-таражға түсу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Ол әлі жалғасып жатыр. Құжаттар толық жинақталған соң процессуалды шешім шығарылады», - дейді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Денис Шакенов.

Республикалық маңызды жолдарда ғана емес, тіпті облыс ішіндегі жергілікті бағыттағы жол құрылысы да заңсыздыққа тұнып тұр.

«2022 жылы жолдарға 814 тексеріс жүргізілді, 60-ден аса бұзушылықтар анықталды. Мың шақты сынама алынды жолдардан, қазір тексеріс жүргізіліп жатыр»,- деді ол.