Нұрсұлтан финалда

Нұрсұлтан финалда
Сурет: Спортты дамыту дирекциясы

 Бішкекте күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов финалға сүрінбей өтті.

87 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген Нұрсұлтан жартылай финалда өзбек балуаны Рахымжан Ұзақовты айқын басымдықпен, мерзімінен бұрын жеңді. Есеп - 5:0, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Енді отандасымыз финалда ирандық Насер Гасем Ализадамен белдеседі. Былтырғы Азия чемпионатының ақтық сынында қазақ балуаны ирандыққа есе жіберген болатын. 

Ал 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының ширек финалында Тұрсынов Ализадені 9:4 есебімен жеңді. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ержет Жарлықасын (63 келі) финалға шыққан болатын.
Алайда бүгін бозкілемге көтерілген үш балуанымыз жарысты ерте аяқтады.

Атап айтсақ, 55 келідегі Нұрзат Қабдырахимов ширек финалда өзбекстандық Жасурбек Артықбаевтен жеңілсе, 77 келідегі Ибрагим Магомадов әлем чемпионы Ақжол Махмұдовпен тең күрессе де, әдіс сапасына байланысты жеңіліс тапты. Ал 130 келідегі Мансұр Шадукаев ширек финалда қырғызстандық спортшыға жол берді. 

Бішкектегі Азия чемпионатының финалдық кезеңі сағат 17:00-де басталады.