Наурызбай ауданында 200 азамат әскерге аттанбақ

Наурызбай ауданында 200 азамат әскерге аттанбақ
Сурет: Almaty.tv

Борышын өтеген алматылық сарбаз ата-анасымен жүздесті

Наурызбай ауданында ер балаларды әскерге шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанына орай ұйымдастырылған іс-шараға әскери қызметкерлер, ардагерлер мен жастар қатысты. Үрмелі оркестрдің орындауындағы патриоттық әндер шырқалып, ұлттық ән-би сахналанды. Биыл аудан бойынша көктемде 150 бала әскерге аттанған, күзде тағы 200 азамат сарбаз атанбақ.

«Шараның мақсаты – ауданымыздағы, қаламыздағы жастарды әскер қатарына шақыру, патриоттық рухта тәрбиелеу. Желілерде ой туындап жатады. Әскерге келудің, соның қыр-сырын сарбаздардың өзін шақырып,  қандай екенін айтқызып, жастарды борышын өтеуге шақырып жатырмыз», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.

Салтанатты іс-шара кезінде әскери қызметін Шымкент қаласында үздік атқарған алматылық сарбаз арнайы шақыртылып, ата-анасымен жүздесті. Келер буынға үлгі болсын деген ұйымдастырушылар тосын сый жасапты.

«Қуанышымызда шек жоқ. Әкімшілікке, военкомат басшылығына рахмет! Балалар аман-есен барып келді. Бүгін бізге тосын сый жасады. Балалар барсын, әр баланың міндеті  – борышын өтеу», – деді ата-ана Қабыланбек Қаракүшіков.