Өрт сөндірушілер Наурызбай ауданындағы ғимараттың басым бөлігін өрттен аман алып қалды

Өрт сөндірушілер Наурызбай ауданындағы ғимараттың басым бөлігін өрттен аман алып қалды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Өртті ауыздықтауға 12 техника мен жеке құрамның 40 құтқарушысы жұмылдырылды.

Бүгін  11 сағат: 33 минутта  Алматы қалалық ТЖД 101 қызметіне Наурызбай ауданындағы Райымбек даңғылы 548/2  мекен-жайында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Өрт сөндірушілер келгеннен кейін, бір қабатты ғимараттың шатыры өртеніп жатқанын анықтады. Өрт сөндіру күштері мен құралдары жоғары шақырту дәрежесі бойынша тартылды. Өрт орнында штаб құрылып, Батыс және оңтүстік-шығыс жағынан екі өрт сөндіру  учаскесі құрылды, су көздерінің аз болуына байланысты, өртке қарсы поезд жұмылдырылып, магистралды желі тартылып, оқпандар арқылы үздіксіз су беру қамтамасыз етілді,  жанып жатқан шатырдың құрылымдарын  ашу үшін  екі өрт сатысы іске қосылды.

Өртті сөндіру жұмыстары конструктивтік ерекшеліктеріне байланысты күрделене түсті: шатыр көп қабатты: бетон плитасының үстіне битум мастикасы, оның үстіне металло- шифер төселген.

Тілсіз жау 12:39-да ауыздықталып, 12:47-де сөндірілді, жақын орналасқан екі боксқа өрттің таралуына жол берілген жоқ. Қазір құрылымдарды бөлшектеу және төгу жұмыстары жүргізілуде.