Әкімдер сайлауы карантин талаптарына сай өткізіледі

Әкімдер сайлауы карантин талаптарына сай өткізіледі
Сурет: Syrboyi.kz

Қазіргі кезде сайлаушылар тізімі нақтыланып жатыр.

Санаулы күндерден кейін Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Ұйымдастырушылар сайлау барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалатынын айтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, сайлау учаскелерінде Ashyq жүйесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, барлық сайлау учаскелері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі: антисептиктер, бір рет қолданылатын маскалар және қолғаптар. Кіреберістегі температураны өлшеу және әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті. Тәуекелді азайту үшін дауыс беру стендтерінің алдыңғы перделері болмайды. 

«Ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауына бірнеше күн қалды. Біздің ортақ жұмысымыз – олардың ашықтығын, айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз ету. Әр дауыс маңызды. Ауыл тұрғындары келіп, өз таңдауын жасап, өздерінің конституциялық сайлау құқығын іске асыра алуы қажет», – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. 

Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылдық елді мекеннің тұрғыны ретінде тіркелген. Яғни ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру ісіне Қазақстан азаматтарының 40%-дан астамы атсалыспақ.

Заң бойынша ауылдық аумақтардың 2 346 әкімі бұдан былай тікелей сайлау арқылы анықталуы тиіс. Биыл соның 775-і өз тағдырын айқындайды.