Наурыз – бірлік мерекесі

Наурыз – бірлік мерекесі
Сурет: Самат Құсайынов

Алматыда бір күнде бірнеше ауқымды концерт өтті

Биыл Алматыда Наурыз мерекесі ерекше нақышта аталып өтіп жатыр. Әз-Наурыз мейрамын тойлау кешенді түрде жалғасуда. Қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылды.

 

Алғашқы концертіміз «Астана алаңында» өтті. Мерекелік іс-шарада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірінің авторлық концерттік бағдарламасы жүргізілді. Сонымен қатар, «Салтанат», «Ұлы дала» ансамблдері, Айжан Нұрмағамбетова, Құдайберген Бекіш, Бақтияр Тайлақбаев және басқа да әртістер өнер көрсетті. 
Нөсерлеп жауған жаңбырға қарамастан мерекеге жиналған қалың жұртшылықтың көңіл-күйлері көтеріңкі болды.

– Концерт өте қызықты өтуде. Өзім танымал жұлдыздарды көріп қуанып отырмын. Әсіресе, қазақи әрі халық әндерін сүйіп тыңдаймын. Көңіл-күй көтеріңкі. Себебі, бүгін ерекше мейрам. Қазақтың жаңа жылы болып жатыр. Барлық қазақстандықтарға мереке құтты болсын. Наурыз оң болсын, берекелі жыл болғай, – деді қала тұрғыны Алия Мұратқызы.

Халықтың ықыласы ерекше болды. Ал, Жібек жолы даңғылы мен Панфилов көшесінің қиылысында өткен концерт тіптен ерекше болды. Дәл осы жерде этно-фольклорлық ұжымдар өнер көрсетті. Түрлі аспаптар арқылы өнер көрсеткен өнерпаздарға халықтың ықыласы зор болды. Ұлттық аспаптарда өнер көрсеткендер тыңдарманның құлақ құрышын әбден қандыра алды.

–  Бүгінгі күн өте ерекше, әрі қызықты өтуде. Наурыз біздің қазақтың жаңа жылы, барлық жақсылық пен молшылықты насихаттайтын ай. Биылғы жылы наурыз мерекесі жылдағыдан ерекше өткені тіптен керемет. Кәдімгідей, мерекелік көңіл-күй пайда болып. Айналамыздағы адамдардың бәрі көңілді болып жүргенін көрген қандай жақсы. Өзіме музыкалық аспаптар қатты ұнайды. Соның ішінде, домбырада ойнай аламын. Ал, бүгін мына этно-фольклорлық ұжымдардың домбырада ойнағанын көріп, қатты таң қалдым. Деңгейлері, біршама жоғары екені көрініп тұр, – деді қала тұрғыны Арман Алпысбай.

Көрермендер сүйікті әндерін қосыла шырқады. 

Сонымен қатар, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының алдында да, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда да халықтың қарасы көп болды. Танымал эстрада жұлдыздары ән шырқаса, көрермендер сүйікті әндерін қосыла шырқады.

Әні мен жыры жарасқан жерде халықтың ризашылығын сөзбен жеткізу қиын. Күннің суықтығына қарамай, концертке жиналған адамдар бір-бірін наурыз меркесімен құттықтап жатты.