Наурыз айына арналған ауа райы болжамы

Наурыз айына арналған ауа райы болжамы
Сурет: Dzivei.eu

Көктемгі жылы ауа райы болады.

«Қазгидромет» мамандары көктемнің алғашқы айында ауа райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Көктемгі синоптикалық процестерге тән құбылыстарға циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы, Қара және Жерорта теңіздерінен жылы ауаның қарқынды келуі, Скандинавия, Батыс және Шығыс Сібір аймақтарынан суық ауаның басып кіруі жатады, олар ауа температурасының кенеттен өзгеруіне және ауа райының тұрақсыз болуына алып келуі мүмкін.

Биыл наурыз айының алғашқы онкүндігінің ортасында Қазақстан өңірлерінің көптеген жерлерінде көктемгі жылы ауа райы болады, алайда ол ұзаққа созылмайды.  

Наурыз айында еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-2° жоғары,  Батыс Қазақстан облысында және Атырау облысының қиыр солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп болжанады. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, ал солтүстік-батыс бөлігінде нормадан көп болуы күтілуде. 

Наурыз айының бірінші онкүндігінің басында батыс антициклонының ықпалымен және Сібір антициклонының күшеюі салдарынан республиканың басым бөлігінде ауа температурасының қысқа мерзімге төмендеуі  болжануда. Түнде ауа температурасы:

  • батыста, солтүстік-батыста  -5-15°С-қа дейін;
  • солтүстікке, орталықта және шығыста -15-25°С-қа дейін;
  • еліміздің оңтүстік өңірлерінде -3-11°С-қа дейін төмендейді.

Күндізгі ауа температурасының негізгі фоны еліміздің солтүстік-батысында -3+2°С, солтүстік бөлігінде -3-8°С, оңтүстік бөлігінде  +8+15°С болады, ал қиыр оңтүстігінде 20°С-қа дейін жетеді.

Онкүндіктің ортасында Жерорта теңізі және Жаңа жер аралы аймақтарынан келетін  циклондар ҚР аумағының басым бөлігінде болатын ауа райын анықтайды. Солтүстік өңірлерде  жаңбыр және қар жауып,  кей күндері төменгі бұрқасын соғады, оңтүстік облыстарда көбінесе жаңбыр жауады, ал батыста, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қатты жауын-шашын болады. Желдің екпіні 15-25 м/с-қа дейін күшейеді және оңтүстік-батыста шаңды дауылдың соғуы болжануда, сонымен қатар, тұман мен көктайғақ құбылыстары да күтілуде.

Суық толқынынан кейін ауа температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы күтіледі:

- ҚР солтүстік, орталық және шығыс облыстарында түнде 0,-8°С-қа дейін, күндіз 0,+5°С-қа дейін;

- ҚР оңтүстік бөлігінде түнде +2+10°С-қа дейін, күндіз +13+20°С-қа дейін;

- еліміздің тек батысында ауа температурасының күндіз 0,-8°С-қа дейін аздап төмендеуі күтілуде.

Онкүндіктің соңында батыс антициклонының енуімен жауын-шашын тоқтап, солтүстік бөлікте ауа температурасы түнде  қайтадан -10-17°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-қа дейін төмендейді, ал оңтүстік бөлікте түнде 0,-8°С-қа дейін төмендейді, күндіз +3+8°С болады деп күтіледі.

Айдың екінші және үшінші онкүндігінде еліміздің көбінесе солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа райы тұрақсыз болып, жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады және жел күшейеді, бұл атмосфералық фронталды бөліктердің жиі өтуіне байланысты болады. ҚР басым бөлігінде тұман, көктайғақ күтіледі. Ауа температурасы:

- батыс өңірлерде түнде  -7-15°С-тан -2+3°С-қа дейін, күндіз +3+8°С-тан  +16+21°С-қа дейін;

- республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -12-23°С-тан 0,+5°С-қа дейін, күндіз -1-6°С-тан +11+16°С-қа дейін;

- оңтүстікте, оңтүстік-шығыста түнде -3-8°С-тан +5+10°С-қа дейін, күндіз -4+1°С-тан +18+23°С-қа дейін ауытқуы күтілуде.