Нақты міндеттер жүктеді - ғылым кандидаты

Нақты міндеттер жүктеді - ғылым кандидаты
сурет: Strategy2050.kz

Дағдарыс кезінде бұл өте қажет екені анық

14 шілде күні Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Үкіметтің бұл отырысын ашық әңгіме деп атауға болады деген пікірін жеткізді философия ғылымының кандидаты Жазира Ошақбаева, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Оның пікірінше, Мемлекет басшысы экономикамыздың көптеген ауыр тұстарын айта келіп, Қазақстанның жаңа Үкіметінің алдында тұрған: инфляцияны және азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, азаматтардың табысын арттыру және адами капиталды дамыту, ақша-несие және салықтық-бюджет саясатын жетілдіру, экономиканың нақты секторына қолдау көрсету, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, автожол инфрақұрылымын дамыту сияқты мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктеді. 

«Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – ана мен бала денсаулығын сақтау. Өкінішке орай, ана мен сәби өлімі көбейді. Денсаулық сақтау саласында әлі де шешімін таппаған мәселелер көп. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, перзентханалардың көпшілігі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, бұл мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласында түйткілді мәселелер көп. Қазақстанда созылмалы аурулардан болатын өлім көрсеткіші өте жоғары. Президент медициналық сақтандырудың да дұрыс жұмыс істемейтіндігін атап өтті, оған жүз пайыз келісеміз. Халық сақтандыру жарнасын төлеуде, бірақ тиесілі қызметтерді толық ала алмай отырмыз. Сонымен бірге, Ел басшысы елге қайтып келуге ниеттенген қандастарға толық көлемде қолдау көрсетілетінін, тек Маңғыстау өңірімен шектеліп қоймай, басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға да қоныстандыру қажеттілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беріп, күзге қарай кадрлық шешім қабылдауға тура келуі мүмкін екенін ескертті. Дағдарыс кезінде бұл өте қажет екені анық», - дейді Жазира Ошақбаева.