Қатаң бақылауға алу – уақыт талабы - Нүркен АЙТЫМБЕТОВ

Қатаң бақылауға алу – уақыт талабы - Нүркен АЙТЫМБЕТОВ
Сурет: Ашық дереккөз

Үкімет алдына тапсырмалар қойылды

14 шілде күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент айтқан мәселелерге сарапшылар пікір білдіруде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Философия, саясаттану және дінтану институты Саяси зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нүркен Айтымбетовтің пікірінше, Мемлекет басшысы әлемде орын алып отырған күрделі геосаяси және экономикалық тұрақсыздықтарға қарамастан ел экономикасының бірқалыпты дамып, осы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайыз деңгейінде өсім көрсеткендігін баса айтты. Алайда, күн сайын құбылып отырғын инфляцияны ауыздықтау, азық-түліктің тапшылығы мен қымбатшылықпен күрес бойынша Үкімет жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді. Осыған байланысты азаматтардың табысын арттыру мен адам капиталын дамыту, ақша-несие және салық-бюджет саясатын жетілдіру, автожолдарды жөндеу және тағы басқа да нақты секторларды қолдау бойынша Үкімет алдына тапсырмалар қойды. 

«Мемлекет басшысының Үкімет жұмысын осылайша қатаң бақылауға алуы, экономиканың әрбір саласына жауапты органдардың нақты атқарған жұмыстарының тиімділігіне қарап бағалауы – уақыт талабы. Бұл қоғам алдына үйреншікті түрде жыл сайын кейбір билік органдары тарапынан берілетін, көп жағдайда соңына дейін сапалы орындала бермейтін бос уәделер мен жалған есептердің заманы келмеске кеткенін көрсетеді. Енді сөзден нақты іске көшетін уақыт келді. Осылайша әрбір жауапты министрліктердің атқарған қызметі Мемлекет басшысының әрқашан жеке бақылауында болып, тоқсан сайын нақты атқарылған шаралар бойынша есеп беруі елдің тұ-рақты дамуының айқын кепілі болмақ», - дейді Нүркен Айтымбетов.

«Осыған орай, Президент Қ.К.Тоқаев кейбір министрліктердің қызметін сынға алып, ескертулер мен сөгістер жариялады. Атап айтқанда, Цифрлық даму, инно- вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасалды. Президенттің айтуы бойынша елімізде цифрландыру баяу жүріп жатыр. Мемлекет башысының бұл салаға ерекше көңіл бөлу себебі бүгінгі күні цифрландыру экономиканың дамуының қозғаушы күші болып табылады. Қоғам өмірінің барлық саласына цифрлы технологияларды енгізу арқылы экономиканың даму қарқынын жылдамдату жаһандық трендке айналып отыр». – деді ол. 

Сонымен қатар сарапшының ойынша, біздің мемлекетте цифрландыру саласында әлемдік жетістіктер мен кемшіліктерді ескере отырып тиімді іске асырылған іс-шаралар алдағы уақытта экономикалық өсім мен әлемдік сахнада елдің бәсекеге қабілеттілігін қамта-масыз ететіні сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысы бүгін цифрландыруды дамыту бойынша заңға қол қойды. Бұл заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар алдағы уақытта инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздік пен білім беруді дамытуға жағдай жасайтын болады.