Мөлдір алтынға таласады

Мөлдір алтынға таласады
Сурет: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт дамыту дирекциясы

Түркияның Анталья қаласында WKF каратэден Karate1 Premier League - Antalya 2024 турнирі өтіп жатыр.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, жарыстың алғашқы күні 50 келі салмақта Азия ойындары мен біріншілігінің күміс жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай бес қарсыласын ұтып, алтынға таласуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Жарыс жолында қазақстандық спортшы италиялық Азия Агусты 6:2, Силия Уикенді (Алжир) 6:4, португалиялық Катарина Родригесті 3:1 есебімен ұтты.

Енді финалда Венесуэла өкілі Салазар Йоргелиспен алтын үшін таласады.

Мөлдірдің жеке бапкері – Нұржан Ақпанбет.

Сонымен қатар тағы үш қазақстандық спортшы қола медаль үшін таласады. Атап айтқанда, 75 келіде ел намысын қорғайтын Әбілмансұр Батырғали ширек финалда Петар Заборскидан (Солтүстік Македония) басым түскенімен, жартылай финалда мысырлық Абдалла Абделазизге есе жіберді. Дәл осы салмақта өнер көрсететін Нұрқанат Әжіқанов ширек финалда түркиялық Юрур Омер Фаруктен ұтылды. Енді ол мысырлық Абдельгавад Абдалла Хешаммен қола медальді сарапқа салады.

Ал қыздар арасында 61 келідегі 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы Әсел Қанай ширек финалда Марокко өкілі Фатима-Захра Чаджайға жол берді. Келесі қарсыласы – франциялық Леа Авазери.

Аталмыш додада жеңімпаздар мен жүлдегерлер 17 наурыз күні анықталады.