Мобильді аударымдар: қолма-қол ақшасыз төлем жүргізу кезінде нені білу керек?

Мобильді аударымдар: қолма-қол ақшасыз төлем жүргізу кезінде нені білу керек?
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Салық қызметінің назарына түспеу үшін қазақстандықтар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қанша мобильді аударым жасап, қабылдай алатынын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматының Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері хабарлады.

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілерін айқындау үшін жеке тұлғаның қатарынан үш айдың әрқайсысы ішінде 100 және одан да көп рет әртүрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа ақша қаражатын алуы критерийі жеткілікті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматыда жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша декларация тапсырғандар саны 46 мыңнан астам жеке тұлғаны құрайды. Екінші кезең 2023 жылы басталып, оған мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары, 142 мыңнан астам адам тапсырды.

«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы декларациялаудың 3-кезеңі басталады, яғни бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті болады. Бұл міндеттеме «әрекетсіз» немесе қызметін уақытша тоқтатып қойған жеке тұлғаларғада қатысты болады. Алматы қаласы бойынша 3-кезеңде 430 мыңнан астам жеке тұлға декларациялану қажет», - деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Айжан Бекеева.

Осыған байланысты  2023 жылы 2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетіне үш ай қатарынан жеке банктік шоттарына әр түрлі 100 тұлғадан түскен аударымдар туралы ақпарат келіп түсті. Банктер тек белгіленген критерийлерге сәйкес келетін тұлғалардың деректерін береді.

Қазіргі уақытта ақпарат тек мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары үшін 2022 жылға қол жетімді.
     
Банктерден ақпарат белгіленген критерийлер бойынша ғана кезең кезеңімен беріледі:
1) 2023 жылдан бастап – 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша;
2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша 2023 жылдың қорытындысы бойынша;    
3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша;
4) 2026 жылдан бастап – 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықтың қалған санаттары бойынша.

«Бұл жерде жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдарды жасай және қабылдай алатынын атап өту маңызды: бұл туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірге қажетті жағдайлар. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені мұндай аударымдар бір жолғы болып саналады», - деп қосты Айжан Бекеева.

Спикер бұл шаралар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді, әсіресе жеке шоттарға мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға бағытталғанын айтты. 

Мемлекеттік органның өкілдері кәсіпкерлерге арнайы бизнес-шоттарға төлем қабылдауды ұсынады. 

«Бақылау шаралары қызметті тіркеу және кірісті төмендету бойынша камералдық бақылауды қамтиды. Жалпы, камералдық бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар туралы ақпараты бар хабарламалар жіберілетін болады. Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіссе, ол жеке кәсіпкерді тіркеуі немесе декларацияға декларацияланбаған кіріс сомаларын (бұзушылық түріне байланысты) көрсете отырып қосымша декларация тапсыруы қажет», - деп атап өтті А.Бекеева.

Бұл ретте, егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспесе, онда ол растайтын құжаттарды қоса бере отырып, бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы.

Хабарламаны орындамаған кезде салықтық тексеру тағайындалады, оның барысында банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың болуы/болмауы туралы іс жүзінде шешім шығарылады.

Жауапкершілік туралы айта келе, спикер тіркелмеген ЖҚ қызметі үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түрінде әкімшілік жаза қарастырылғанын атап өтті. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл (қайта бұзылған жағдайда-300%). Чек бермегені үшін-15-тен 50 АЕК-ке дейін.     

Мемлекеттік кірістер департаменті бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне сендірді. Бақылау шаралары қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын немесе кірістерді жасыратын кәсіпкерлерге ғана әсер етеді.