Министр Тараздағы бала сату оқиғасына пікір білдірді

Министр Тараздағы бала сату оқиғасына пікір білдірді
Сурет: Ашық дереккөз

Барлық перзентханада бейнебақылау жүйесі орнатылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бала саудасымен күрес қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Менің ойымша, бізде мұндай жағдайлар шамамен бес жыл бұрын болған. Содан кейін бүкіл перинаталдық орталықтар мен перзентханаларға бейнебақылау орнаттық. Баладан бас тартқан аналардың жанында болатын мамандардың, психологтардың жұмысын ұйымдастырдық. Осындай нақты жұмыстар жүргізілді», - деді А. Ғиният.

Сонымен қатар министр Тараздағы оқиғаның мән-жайын нақты білмейтінін айтты.

«Барлық перзентханада бейнебақылау жүйесі орнатылған. Дәрігерлер палатадағы жағдайды қарап отырады. Алайда жақында болған оқиғаны назарға ала отырып, ел бойынша медициналық персоналмен тағы да тиісті жұмысты атқаратын боламыз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Таразда жаңа туған сәбиді 1,5 млн теңгеге сатқан акушерлер қамауға алынды.

Биылғы 12 қаңтар күні аталған дерек бойынша ҚР ҚК 135-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталған.

Оның барысында 39 жастағы әйелдің жаңа туған қыз баланы акушерден 1,5 млн теңгеге сатып алғаны әшкере болған.