Алматы шаһарының коммуналдық меншігіне жаңа нысандар қабылданды

Алматы шаһарының коммуналдық меншігіне жаңа нысандар қабылданды
Сурет: Domclick.ru

84 жылжымайтын мүлік нысаны қабылданды.

Алматының коммуналдық меншігіне биыл жаңадан салынған 84 жылжымайтын мүлік нысаны қабылданды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Абзал Егембердиев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мемлекет меншігіне берілген нысандар арасында мектептер, көп қабатты үйлер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар.

2022 жылдың  1 қарашасындағы жағдай бойынша, қаланың коммуналдық меншігіне жаңадан салынған 84 жылжымайтын мүлік нысаны қабылданды. Олардың арасында жаңа салынған 18 білім беру нысаны (оның ішінде мектептерге жалғанып салынған 14 жапсарлас құрылыс); 63 көп пәтерлі тұрғын үй және 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар.  

«Республикалық меншіктен коммуналдық меншікке 99 жылжымайтын мүлік нысаны,  бұл - 88 пәтер және мекенжай бойынша 11 жылжымайтын мүлік нысаны қабылданды. 7 сыйға тарту шарты бойынша 1 пәтер, 2 ғимарат, 3 футбол түріндегі ангар және бағдарламалық өнім қабылданды», - деп атап өтті Алматы қаласының МАБ басшысы.

Брифингте 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2022 жылдың 1 қарашасына дейін Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларына сәйкес жаңадан салынған 32 инженерлік нысан қаланың коммуналдық меншігіне қабылданғаны белгілі болды. Бұл тізімде су және кәріз желілері, құрылыс және автокөлік жолдарын реконструкциялау нысандары, сыртқы жарықтандыру, телефон желілері мен жол белгілері, жылу желілері, саябақ мүлкі және т.б. бар.

 Сонымен қатар, Абзал Егембердиевтің айтуынша, 2019 жылдың 1 мамырынан бастап Алматы қаласы бойынша мемлекеттік сатып алудың жалғыз ұйымдастырушысы болып Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы тағайындалды.
 
 2022 жылдың 10 айында жалпы сомасы 254,6 млрд теңгеге 397 конкурс жарияланды, оның ішінде: жұмыстар бойынша, 177,7 млрд теңгеге 220 конкурс; тауарлар бойынша 58,7 млрд.теңге сомасына 49 конкурс; қызмет көрсету бойынша 18,1 млрд теңге сомасына 128 конкурс. Сатып алудан түскен үнемдеу 7,8 млрд теңгені құрады.