Министр интернет операторларына 4 млрд теңгеге айыппұл салуға уәде берді

Министр  интернет операторларына 4 млрд теңгеге айыппұл салуға уәде берді
Сурет: Nur.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгін байланыс операторларының қызметіне шүйлікті.

Ол интернет операторларына жыл соңына дейін 4 млрд теңге айыппұл салуға уәде берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Айыппұлдар өте төмен болған кезде олар одан қорықпайтын. 2020 жылы біз 100 млн теңгеге дейін ғана айыппұл жазып бергенбіз. Ал биыл жарты жылдың өзінде 1,5 млрд теңгенің айыппұлын жаздық. Жыл аяғына дейін 4 млрд теңгедей анық болады, мен уәде беремін. Бұл – олардың қалтасына айтарлықтай салмақ. Сондықтан олар ойланып, белгілі бір нақты шаралар ұсына бастады», - деді Бағдат Мусин.

Оның пайымынша, министрлік айыппұлды көтерген соң операторлар да тарифті көтерді деген түсінік – жаңсақ.

«Тарифті біржақты тәртіппен көтеру мәселесі тұрған жоқ. Мәселе инвестицияның бар-жоғында. Айыппұлды көтеріп едік, олар сапаны көтеру керектігін түсінді», - деді министр.