Мерекелік марапаттар табыстады

Мерекелік марапаттар табыстады
Almaty-akshamy.kz

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, университет ұжымы мен оқу ордасының әр жылдардағы түлектері қатысты. 

Осынау табысқа толы 30 жыл ішіндегі еңселі еліміздің ерлікке толы еңбек жолы мен қол жеткізген жетістіктері туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жан-жақты баяндады. 

– Тәуелсіздік тойы – бұл мерейлі мереке ғана емес, өткенді саралайтын, болашақты жоспарлайтын сындарлы кезең. Егеменді ел болған еліміз жаңа өркениетке бет бұрды. Елімізде ұлттар тұтастығы мен бірлігі нығайып, жаһандық бейбітшілікті сақтауға үлес қосты. Қазақстан Түркі әлемінің орталығына айналып, әлемдік кеңістіктен орын алды. Осынау тарихи жетістіктердің барлық бастауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі тұр, – деген оқу ордасының басшысы Елбасының Қазақстан мемлекетінің қалыптасуындағы ерекше еңбегін айрықша атап көрсетті. 

Сонымен қатар, оқу ордасының жастар тәрбиесіне ерекше назар аударып, мән беріп отырғанын жеткізді. Тәуелсіздігімізді қастерлеу тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Елбасы саябағы мен Ғалымдар бағы ашылғанын, айтулы тұлғалардың дәріс оқуы тұрақты үрдіске айналғанын мысал етті.

Мереке аясында оқытушы профессорлар мен үздік қызметкерлер «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» медалімен және ректордың Құрмет грамоталарымен марапатталды. 

Жиын соңында «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты онкүндік қорытындыланып, қонақтар кітап және фотокөрмені тамашалады.