Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесті

Мемлекет басшысы  Түркия Президентімен кездесті
akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің Қазақстанға сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің көпжақты қарым-қатынасын нығайтуға және Түркі әлемін дамытуға тың серпін беретініне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында көтерген маңызды бастамалары мен салмақты ой-пікірлері үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтты. 

 – Қадірлі бауырым, Атажұртқа қош келдіңіз! Түркия – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Сіз өзара қарым-қатынасты дамытуға орасан зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын. Арадағы тұрақты келіссөздердің арқасында бүгінде көптеген келісімдеріміз табысты жүзеге асырылуда. Былтыр екіжақты тауар айналымы 54 пайызға өсіп, 6,3 миллиард доллар болды. Осы көрсеткішті 10 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Түркия – еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің бірі. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Елімізде түрік капиталының үлесі бар 4300-ден астам компания жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды және түрік халқын Түркияның 100 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бауырлас елдің мерейтойына орай Астанада Анадолы көшесін, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябағын және Алматыда Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішін ашу жоспарланып отырғанын айтты.