Мектептегі ас мәзірі

Мектептегі ас мәзірі
Egemen Qazaqstan

Білім ошақтарында көп балалы, әлеуметтік осал топтардан шыққан отбасы балалары тегін тамақтанады. Аталмыш әлеуметтік көмекті қалай алуға болады? Кімдерге беріледі?

Қалалық білім басқармасының ақпараты бойынша, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен аз қамтылған отбасылар қатарындағы білім алушыларға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау қағидаларына» сәйкес орта білім беру ұйымдарында жалпыға бірдей оқу қоры құрылды, оған әлеуметтік қорғалмаған балаларға көмек көрсету үшін жергілікті бюджеттен қаражат жіберіледі.

Көмек әлеуметтік жағынан қорғалмаған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 1–11-сынып оқушылары үшін күніне бір реттік тегін тамақтандыру түрінде көрсетіледі (оның құны осы санаттағы 24 мыңнан астам оқушы үшін күніне орта есеппен 700 теңгені құрайды).

Сонымен қатар, қаланың барлық мектептері үшін орталықтандырылған түрде 4 апталық ұтымды теңдестірілген тегін тамақтану мәзірі бекітіледі. Ас мәзірі маусымдылық, білім алушылардың жас ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, сондай-ақ ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тамақтану нормаларына және Қазақ тамақтану академиясының мектеп оқушыларының тамақтану рационы бойынша бірыңғай стандарттар түріндегі әдістемелік ұсынымдарына сәйкес құрастырылғын.

Ас мәзірі қандай?

Мектеп асханаларының рационында тек табиғи өнімдер қолданылады: жаңа піскен көкөніс салаттары, бірінші және екінші тағамдар, сүт өнімдері, бал, жемістер, шырындар, компот пен кисель.

Қандай құжаттар қажет?

Ресми білім басқармасының ақпараты бойынша, тегін тамақтануды алу үшін мынадай құжаттар қажет: ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың не кәмелеттік жасқа толған білім алушының өтініші. Ол білім беру ұйымына оның бірінші басшысының атына жазылады.

Кім өтініш бере алады?

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалардың өкілдері өтініш бере алады. Сондай-ақ, отбасыларда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өкілдері, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар, білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары.

Алғашқы екі санат (АӘК немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен) бойынша қызметті egov «электрондық үкімет» порталы арқылы алу қажет.

Толық тізім

Сонымен, тамақ алуға арналған құжаттар тізімі келесідей: ата-анадан өтініш, көп балалы – көк кітапша, жартылай жетім – ата-анасының біреуінің қайтыс болуы туралы куәлік, жалғыз басты ана – 4-форма, ажырасқан – некені бұзу туралы куәлік. Егер анасы жұмыс істесе – жұмыс орнынан соңғы 6 айға жалақысы туралы анықтама. Егер жұмыс істемесе – зейнетақы төлемдері туралы анықтама. Егер әкесі жұмыс істесе – соңғы 6 айдағы жалақыны есептеу туралы анықтама, егер жұмыс істемесе – зейнетақы төлемдері туралы анықтама. АӘК алушылар – әкімдікпен шарт, көп балалы отбасылар – 6 айға жәрдемақы есептеу, жартылай жетім балалар – асыраушысынан айырылу бойынша есептеу, ажырасқандар – алимент туралы анықтама. Барлық құжаттарды бір балаға бір данадан жинау керек. 10 парақтан тұратын көк папканы ұмытпаңыз!