Мамандар қатерлі ісік ауруын емдеу бағытында үлкен нәтижеге қол жеткізді

Мамандар қатерлі ісік ауруын емдеу бағытында үлкен нәтижеге қол жеткізді
 Фото: t.me/udp_dadebayev
Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасы жанындағы Ядролық медициналық орталық мамандары 11С-метионин радиофармацевтикалық препаратын шығару жобасын сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Басқарманың ақпаратына қарағанда, томографияны 11C-метионинді пайдаланып жасау мидағы қатерлі ісікті ерте диагностикалауға мүмкіндік береді, ол ісік көлемін анықтауда «алтын стандарт» ретінде мойындалған.

Осы орайда, былтыр желтоқсан айында және биыл наурызда Циклотронды кешенде екі радиофармацевтикалық препарат өндіріле бастаған. Дәрігерлер айтқандай, әлемдік тәжірибеде ауруханалар жыл сайын бір немесе екі препарат қана шығаратынын ескерсек, бұл ҚР Президенті Іс Басқармасының ауруханасы үшін үлкен жетістік. Осылайша, қатерлі ісік ауруларын ерте бастан табу мен емдеу бағытында үлкен нәтижеге қол жеткізіліп отыр.

Ядролық медициналық орталықта осыған дейін 4 мыңға тарта адам диагностикадан өткен. Олардың 95 пайыздан астамы ТМККК арқылы келді. Циклотронды өндірістік кешенде жыл соңына дейін қатерлі ісік ауруларына қатысты диагностикалық зерттеулер жүргізуге арналған тағы екі препарат өндіріске шығарылады деп жоспарланып отыр.

«Кезекті жетістікке қол жеткізген Ядролық медициналық орталық мамандарын — физик, химик, инженер, радиофармацевтерді, дәрігерлерді, мейірбикелер мен санитарларды құттықтаймын. Халық саулығы жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз!»,-делінген хабарламада.