Тәуелсіздікті бағалай білейік!

Тәуелсіздікті бағалай білейік!
Сурет: Вaribar.kz

Қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай дәстүрлі сұхбатымызды жалғастырамыз. Осыған орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Т.Тебегеновті сөзге тартқан едік.    

Темірхан аға, Тәуелсіздік сізге несімен қымбат?

– Расында, егемен ел болу ата-баба аманатының орындалғанымен парапар. Дүниеде етек-жеңін жинаған, қарқындап дамыған Қазақ елі бар. Тәубе! Бейбіт мекенде сіз бен біз ғұмыр кешудеміз. Артымыздан қаракөздер өсіп келеді. Оларды нөсерден кейінгі жайқалған бәйшешекке теңеймін. Бүгінде солардың арасында дәріс беріп жүрген өзімді бақытты санаймын.

Жастар туралы ой қозғадыңыз, толығырақ айтып берсеңіз?

– Ұлы ақын, ойшыл дана Абай атамыздың есімімен аталатын университетте сабақ берудемін. Әсіресе, өлең сөзге жақынмын. Әрдайым шәкірттеріме ақыл-кеңесімді айтып жүремін. Көбінесе дәрістерімде еркіндік беріп, кеңесіп, пікір алмасып өткенді жөн көрем. Сонда алдыңыздағы баланың ойы серпіліп, ілімге тынысы ашылады. Сондай-ақ, оқытушы да шабыттанады. Жастарға үлкен сеніммен қараймын.

Өмірлік ұстанымыңыз жөнінде айтсаңыз?

– Философиялық сауал қойып отырсыз. Адам болып, ғаламға келгеннен кейін бірнәрсеге ұмтылады. Жасымнан әкемнің қасында жүруге әуес болдым. Атқа міндік. Серуен құрдық. Сырдың бойында талай қызық кездер өтті. Тап-тамаша балалық бал дәуренді кештік. Есейіп ер жеткенде барып ұстанымға көңіл бөледі екенсің. Сіздің сұрағыңыздың мәнін уақытпен бірге қалыптасады демекпін.

Еліміздің болашағын қалай елестетер едіңіз?

– Бұл да пәлсапалық ұғым. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» депті данышпан Абай. Ол рас. Қазақ халқы арғы-бергі тарихында талайды көрді. Небір оқиғаларды бастан өткерді. Бәрін еңсерді. Қазір әлем таныған айбынды мемлекетке айналуда. Енді осы биікті ұстап, ілгерілей беру керек.  Алда ғылым-білімді өркендетсек, ұтарымыз көп болмақ. Қазақстанның болашағы жарқын боларына сенемін.

Сұхбатыңызға рақмет!