Мамандар Алматыдағы әлеуметтік осал топтағы отбасына барып, мұржасын тазалап берді

Мамандар Алматыдағы  әлеуметтік осал топтағы отбасына барып, мұржасын тазалап берді
Сурет: Almaty.tv

Бір айлық акция аясында жадынама таратылады.

Алматыда 1205 үй пеш жағады, оның ішінде 51 үй - Түрксіб ауданында. Жылыту маусымы жақындағанда қауіптің алдын алу үшін бүгін төтенше жағдайлар басқармасының мамандары әлеуметтік осал топтағы отбасына барып, мұржасын тексеріп, тазалап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Бір айлық акция аясында жадынама таратылады. Онда өрт қауіпсіздігін алдын алу туралы жазылған. Одан бөлек үйдің ішінде ыс шықса, дабыл қағатын құрылғылардың жұмысы да тексеріледі.

«Өзім от жағам. Газ қоятын ақша да жоқ, пәтерде тұрамыз. Қаншама халық газға уланып жатқанын естіп жүрміз. Құдай сақтасын, балаларым аман болсын!» – деді қала тұрғыны Рахметжан Мансұров. 

«Тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға шақырамыз. Отпен ойнауға, салғырт қарауға болмайды. Жылу маусымы басталғанда әр үй иесі аса сақ болғаны жөн», – деді Түрксіб ауданы ТЖБ бас маманы Ануар Калимолданов.

Былтыр Түрксіб ауданының өзінде 31 өрт жағдайы тіркелген. Пеш жұмысының бұзылуына қатысты 8 оқиға орын алды.