Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық - Мемлекет басшысы

Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық - Мемлекет басшысы
akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысында былтырғы референдумның ұлтты ұйыстырудағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

«Мен былтырғы сессияда Ата заңымызға референдум арқылы өзгеріс енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Бұл - Ата заңымыз қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум. Біз осы бастама көтерілген кезде ел тағдырын айқындайтын маңызды жолдың бастауында тұрдық. Мақсатымызды айқындап, нақты жоспар құрдық», - деді Президент.

Мемлекет басшысы дәл осындай тарихи сәтте халықтың бір ауыздан қолдау білдіруі өте маңызды болғанын атап өтті.

«Түрлі ұсыныс айтылды. Өзгерісті Парламент арқылы жасау қажет деген пікірлер де болды. Бірақ біз әрбір азаматытң пікірін білген жөн деп шештік. Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы халық деген қағидатты ұстандық. Осылайша келісіп пішкен тон келте болмайтынына бүкіл ел болып көз жеткіздік. Бір жылдың ішінде атқарылған жұмысқа зер салсақ, былтырғы референдумның маңызы зор екенін түсінеміз. Бұл әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан болды. Жұртымыз жауапты сәтте ұлт ретінде ұйыса алатынын көрсетті. Референдумның түпкі нәтижесі және халқымыздың басты жетістігі осы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.