Мағзұм Мырзағалиев пен Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жарияланады

Мағзұм Мырзағалиев пен Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс жарияланады
Сурет: Egemen.kz

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған баяндамасында айтылды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке сөгіс беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әлихан Смайылов Қасым-Жомарт Тоқаевқа батыс өңірінің энергетика жүйесіне жасалған ауқымды талдау нәтижесінде энергетика кәсіпорындарының жұмысында біраз кемшілік жіберілгені анықталғанын жеткізді. Бұдан бөлек Энергетика министрлігінің, «KEGOC» АҚ, «МАЭК» ЖШС және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмысында олқылықтар бар екені анықталды.

Үкімет басшысының айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке мұнай өңдеу зауытының қауіпсіз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шараларын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сөгіс жарияланады. 

Оған қоса батыс энергия торабының қауіпсіздігіне тиісті деңгейде бақылау жасамағаны үшін Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовке де сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылданғаны айтылды.

Сондай-ақ «МАЭК» ЖШС, АМӨЗ, «KEGOC» АҚ басшылары мен лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады.