Мәжіліс сайлау жүйесін жетілдіру мен партияларды тіркеуге қатысты құжаттарды мақұлдады

Мәжіліс сайлау жүйесін жетілдіру мен партияларды тіркеуге қатысты құжаттарды мақұлдады
Сурет: Parlam.kz

Сайлау процесі заман талаптарына сай жетіліп келеді.

«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сонымен қатар, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады.

Конституциялық Заңның жобасы 7 конституциялық заңға түзетулер енгізуді көздейді. Заңның жобасында 51 заңға, оның ішінде 15 кодекске түзетулер енгізу қарастырылған.

«Біріншіден, Президентке қатысты түзетулер ескерілген. Заң жобалары Президенттің жергілікті атқарушы органдарға және Жоғарғы Сот Кеңесіне қатысты жекелеген өкілеттіліктерді, Сенаттағы «Президенттік квотаны» қысқарту, сонымен қатар Президент лауазымын атқару кезеңінде енгізілетін жекелеген шектеулер бойынша түзетулерді қамтиды. Екіншіден, Парламенттің қызметіне, яғни Парламент палаталарын қалыптастыру тәртібіне қатысты түзетулер қамтылған. Сайлау жүйесінің аралас моделіне көшуіне және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша «президенттік квотаны» қолдану тәртібінің өзгеруіне байланысты түзетулер осы заң жобаларының аясында қарастырылған. Бұдан басқа, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Парламенттің бірқатар жаңа өкілеттіктері бойынша түзетулер бар», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Бұдан бөлек, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, енді Үкіметке заңды күшіне енген уақытша қаулыларды қабылдау бойынша өкілеттіліктер беріледі. Мұндай актілер айрықша болып саналады. Осындай актілерді негізсіз қабылдау тәуекелдерін азайту талаптары және басқа жағдайлар осы заң жобаларында қарастырылған.

«Келесі түзетулер сайлау заңнамасына қатысты. Демек, сайлау жүйесінің аралас моделіне көшуіне байланысты сайлауды өткізудің жүйесі толығымен қайта құрылады. Сайлау процесі заманның талаптарына сай жетіліп келеді. Депутаттық мандатты кері қайратып алу жаңа институты енгізіледі. Ауыл, және облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі», - деді ведомство басшысы.

Заң жобаларында саяси партияларды тіркеу тәртіптеріне қатысты түзетулер қамтылған. Саяси партияларды тіркеу үшін оның сандық межесі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін, саяси партиялардың аймақтардағы өкілдіктерінің саны 600-ден 200-ге дейін, саяси партияны құру кезіндегі бастамашыл топ азаматтарының саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылады.

«Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп тану бойынша Конституцияның 6-бабына қабылданған нақты түзетулер енгізу ұсынылады», - деді Қанат Мусин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдан бастап қанатқақты режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау өткізілетін болады.