Мәжіліс Қазақстанда Starlink-ті заңды түрде пайдалануға арналған құжатты қабылдады

Мәжіліс Қазақстанда Starlink-ті заңды түрде пайдалануға арналған құжатты қабылдады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Құжат ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленді. Заң аясында бірқатар түзету Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Ол 2024 жылғы 29 қаңтарда бірінші оқылымда мақұлданды.

«Депутаттар ұсынған бастамалардың ішінде бірқатар маңызды нормаларды ерекше атап өткім келеді. Пилоттық жоба аясында геостационарлық емес спутниктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін ерекше реттеу енгізіледі. Ілкі жобаның құқықтық және техникалық режимдерін байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды. Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Сонымен қатар, заң аясында мүгедектігі бар адамдарды қолдау үшін байланыс саласындағы уәкілетті орган байланыс операторларының жеңілдікті тарифтер беру жөніндегі міндеттемелерін белгілейді.

«Байланыс операторлары өз желілерінде хабарламалардың кең форматты таралауын қамтамасыз етуге міндетті болады. Яғни, Алматы қаласында болған сияқты жағдайларда шұғыл sms- хабарламалар туралы айтып отырмыз», - деді депутат.

Оның айтуынша, операторлар жедел штабтардың қарамағына олардың сұрауы бойынша (әлеуметтік сипаттағы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде) мобильді байланыс станцияларын ұсынуға міндетті болады. Мәселен, дала өрттері аймақтарын байланыспен қамтамасыз ету ескерілген.

«Ұлттық банк жанындағы алаяқтық операциялардың алдын алу жөніндегі антифрод орталығын құру және оның жұмысы үшін құқықтық алаң құрылады. Бұдан бөлек, навигациялық пломбалар және теміржол көлігі үшін жүктерді қадағалау жүйелері енгізіледі», - деді Е. Смышляева.

Оның сөзіне қарағанда, пилоттық жоба аясында тараптардың келісімі бойынша қарапайым электрондық қолтаңба жұмыс істей бастайды. Бұл шара пилоттық кезеңде шетелдік компаниялар мен инвесторлардың жұмысы үшін енгізіледі.

Мұнымен қоса, виртуалды байланыс операторларының рұқсат беру тәртібі қарастырылған. 

Бүгін қабылданған құжат аясында геостационарлық емес спутниктік жүйелер арқылы байланыс қызметтерін ұсынуды лицензиялау іс-шараларын жүзеге асырмақ. 

Айта кетейік, осы аптада Қазақстанға Starlink жүйесінің алғашқы партиясы жеткізілді. 

«Барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді, олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді»,- деді ҚР Цифрлық даму, иннвоациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.