Мәскеудің сыртқы саясаты өзгермейді

Мәскеудің сыртқы саясаты өзгермейді
newsua.ru

Өткен аптада Санкт-Петерборда халықаралық экономикалық форум өтті

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деуші еді. Форум болардан бірер күн алдын Ресейлік ақпарат құралдары іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келмейтін болыпты деп жарыса жаза бастады.

Былтыр Президентіміз Тайвань, Косова, Оңтүстік Осетия, Абхазия секілді өздерін тәуелсіз елміз дейтін квазимемлекеттерді Қазақстанның мойындамайтынын мәлімдеп еді. Сөзінің соңында тізімге ЛХР мен ДХР-ді де қосты. Бұл мәлімдемені көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз ұзақ күткен еді. Ресей ақпараттары осыны себеп етуде.

Халықаралық қатынастарда дау тудыратын екі қағида бар. Бірі халықтардың өзін-өзі айқындауы, ал екіншісі мемлекеттің біртұтастығы. Жер десе, қаны қайнамайтын қазақ жоқ. Сондықтан да біз мемлекетіміздің біртұтастығына мән береміз. Унитарлылық қанымызға сіңген. Оны Ата заңымызға да бекіткенбіз.

Әйтсе де, форумға бармаудың себебі басқа еді. 8 маусымда Абай облысының «С емей орманы» резерватында өрт басталды. Өртке оранған аумақтың көлемі артып, жағдай ушықты. Мемлекет басшысы шұғыл түрде облысқа барып, тілсіз жаумен күресті өз қолына алды. Тіпті, Вьетнамға жұмыс сапарын кейінге қалдыруға тура келді. Мұндай жағдайда Петербордағы форумға бармайтыны айтпаса да түсінікті. Бұл көршіні сыйламағандық емес. Керісінше, оның да жағдайын ойлау. Себебі, өрт дер кезінде ауыздықталмаса, көрші елдің аумағына өту қаупі де болды.

Петербор халықаралық экономикалық форумы 1997 жылдан бері өткізіледі. Биыл 26-рет өтті. Еліміздің президенттері форумға бар- жоғы 5 рет қатысқан екен. Шараға посткеңестік елдердің басшылары да көп қатыспаған. Эмомоли Рахмонов (Тәжікстан), Гурбангулы Бердымухаммедов (Түркіменстан), Ислам Каримов (Өзбекстан), Виктор Ющенко (Украина), Михаил Саакашвили (Грузия) және Ильхам Алиев (Әзербайжан) 2007, 2008 жылдары қатысқан.

Бұдан бөлек, форумға халықаралық қауымдастық тарапынан қызығушылық та азайып барады. Дегенмен, биыл оған ШЫҰ, БРИКС сияқты ұйымға мүше елдер қатысты. Бұл Мәскеудің осы бағытта экономикалық ынтымақтастық орнатып жатқанының көрінісі.

Посткеңестік кеңістікте мұндай форумдарды ұйымдастырудың саяси астары бар. Халықаралық іс-шара Президент институтының саяси беделін арттыру құралына айналған. Бұл тәжірибені Ресей де қолданады. Биыл да Ресей Президенті бұл дәстүрден бас тартпады.

16 маусымда В.Путин жылдағыдай сөз сөйледі. Сөзінің басым бөлігі сыртқы аудиторияға емес, халқына бағытталды. Әсіресе, елдің экономикалық жетістіктеріне баса назар аударды.

Дегенмен, біз назар аударуға тиіс дүние бұл емес. Батыс елдерінің экономикалық санкциясы астында қалған Мәскеу Азиямен экономикалық ынтымақтастықты күшейтуде. Көрші ел «Солтүстік-Оңтүстік» транспорт дәлізінің әлеуетін кеңінен қолданып жатыр. В.Путин осы бағытта экспорт көлемін 2025 жылға қарай екі есе, ал 2030 жылы үш есеге арттыруды жоспарлап отыр. Оның жүзеге асуына қатысты сұрақтар да жеткілікті. Мысалы, жылдың басында транспорт дәлізінде орналасқан теңіз порттары сауда айналымының өсіміне дайын болмай шықты. Оған қыстың суық болып, теңіз суының қатуы әсер еткен. Сонымен қата р, порттардың инфрақұрылымы да үлкен көлемді тауар тасымалын еңсере алмады.

«Солтүстік-Оңтүстік» – Ресей– Иран–Үндістан елдерін байланыстыратын халықаралық транспорт дәлізі. Оның тарихы 1999 жылы үш елдің транспорт компанияларының келісімінен басталды. 2022 жылы транспорт дәлізі арқылы өтетін тауар айналымы күрт өскен.

Кеден қызметінің мәліметі бойынша өткен жылы сыртқы сауда 8,1% өсіп, 850,5 млрд АҚШ долларын құраған. Ең алдыңғы орында Қытай болса, келесі орындарда Түркия, Үндістан және Белоруссия тұр. Көрші ел басшысының мәлімдеуінше Ресей ЕАЭО, Азия, Таяу Шығыс және Африка, Латын Америкасы елдерімен транспорт байланыстарын әрі қарай да нығайта бермек.

Көршіміз 2014 жылдан бері доллардан бас тарту саясатын белсенді жүзеге асыруда. Сол жылы Қытай екі ел арасындағы саудада ұлттық валюталарын қолдануға ниет білдірген. Бірақ 2018 жылы Пекин одан бас тартты.

Форумда Ресей басшысы Украинаға қатысты да мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Украина тарапы Ресейге қарсы шабуылын тоқтатпаса, онда ол жақта «санитарлы кордон» құрылады.

«Санитарлы кордон» геосаясатта қолданылатын әдіс. Оның негізгі мақсаты сыртқы жау территориясында лимитрофты мемлекеттерді құру. Лимитрофты мемлекеттер жау жақтан келетін идеологияны тоқтатуға бағытталады. «Санитарлы кордон» саясаты бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолданылған еді. Ұлыбритания мен Франция 1920–1930 жылдары Кеңес Үкіметі айналасында лимитрофты мемлекеттерді құрды. Олар коммунистік идеяның таралуын тежеген болатын.

Мәскеудің бұл мәлімдемесі аймақтағы геосаяси жағдайға әсер етпей қоймайды. Себебі, біз мойындамайтын ЛХР мен ДХР квазимемлекеттері «санитарлы кордон» геосаясатының бір ұшы ғана болуы мүмкін.