Лондонда алматылық суретшінің көрмесі өтті

Лондонда алматылық суретшінің көрмесі  өтті
Сурет: Ашық дереккөз

Автордың төл мәдениетіне өте жақын екендігін және оны жоғары бағалайтынын анық аңғаруға болады

Лондонда алматылық суретші Айғана Ғалидың көрмесі ұйымдастырылды. Автор абстракция стилінде салынған суреттерінің жаңа топтамасын жарық тақырыбымен байланыстырған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Жарқыраған шарлар, импульстік электр ағындары, сары сәулелер – мұның бәрі Айғана Ғалидің суреттерінде көрініс тапқан. Автор өз еңбектерінде жарықпен шағылысып, әртүрлі кейіпке енген заттарды бейнелеуге тырысқан. «Картиналар мүлдем басқа тілде сөйлейді. Кванттық физика немесе космология тілі ме дерсің», – дейді сарапшылар.

Айғана суреттеріне ұлттық рең беріп, картиналарын «Шаңқобыз», «Киіз үй», «Қосын» және «Өрнек» деп атаған.

«Автордың төл мәдениетіне өте жақын екендігін және оны жоғары бағалайтынын анық аңғаруға болады. Ол көптеген жұмысы арқылы ұлы даладан бастау алатын Тәңіршілдік идеясын жеткізуге тырысқан. Бірақ оның шығармашылығының дінге еш қатысы жоқ, абстрактілік өнер деп бағалар едім», – дейді көрме кураторы, сарапшы Нико Кос Ерл.

Айғана Ғали өз шығармашылығында кенеп пен қағаздан бастап, тоқыма мен қолаға дейін пайдаланады. Суретші – Алматы қаласының тумасы. Айғана әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелер өткізіп, туындылары арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттап жүр.