КІМДІ АЛДАЙМЫЗ?

КІМДІ АЛДАЙМЫЗ?
Karasayinfo.kz

Біздің халықты түсіну қиын боп барады. Мына тәжтажалдың беті қайтар түрі жоқ. Сол індетпен дүниежүзі халқымен бірге қарсы күресу, сақтану шараларын жасаудың, сол бәле жұқты ма, анализ тапсырып білудің орнына, біз неше түрлі әңгіме таратып, одан қалса, керек кезінде ПТР справка, вакциналық паспорт сатып алу жағын қарастырамыз да. Жаным ау, ол ПТР, сол екпе сенің өз денсаулығың, жеке басыңның амандығы үшін керек емес пе? Жоқ, біз анықтама сатып аламыз да, "Министрді орнынан алу керек",  "Олимпиадада жерде қарап қалдық" деп ғаламдық әңгімелер айтамыз..
Сосын танысымыз тәжтажалдан қайтыс боп жатса, "қой, одан емес шығар" деп бет сипаймыз. Үкімет дым істемейді деп қоямыз тағы да. Бейқамбыз. Екі жылға қарады, бұл әлемді жайлаған індеттен әрқайсымыз өзіміз сақтануымыз керек екенін әлі түсінбейміз. Жоғарыда айтқандай, жалған құжат жасатып, қылмысқа барамыз.

ҚР ІІМ ресми мәліметі бойынша, соңғы күндерде жалған медициналық құжаттар жасау фактісі бойынша 110 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 50-і вакцина алды деген жалған медициналық паспорт бойынша, 60-ы жалған ПТР анықтамасын жасағаны үшін. Министр Е.Тұрғымбаевтың ресми мәлімдемесі бойынша, елде жалған медициналық құжат жасаудың жүйесі қалыптасқан екен. Ол схема бойынша емханалар мен әуежай, туристік  агенттіктерде, басқа да жерлерде белгілі бір адамдар жұмыс жасайтын көрінеді. Осындай заңсыз да "қаржылы" қызметі үшін 20 медицина қызметкері, 8 делдал ұсталған.

Ал Алматы әуежайында "медициналық паспортты" 100 мың теңгеден сатқан адам ұсталған. Бұл не боп кетті? Қасіреттен де қаржы жасайтын заман болған ба?! Қайда барамыз? Кімді алдаймыз? Түсінбей отырмыз.