Қалада қандай ағаш түрлері көбейеді

Қалада қандай ағаш түрлері көбейеді
Almaty-akshamy.kz

20 қыркүйектен бастап Алматыда күзгі ағаш отырғызу басталады. Қалада 298 мың көшет егіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Күзгі отырғызу қаланың барлық ауданын қамтиды. Атап айтсақ, Медеу ауданында 22 мың, Жетісу ауданында 16 мың, Түрксіб ауданында 28 мың, Наурызбай ауданында 10 мың, Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында 5 мың, Алатау ауданында 207 мың ағаш.

Ғалымдардың ұсынысы бойынша биыл Алматының қалалық көгалдандырушылары тек аталық терек отырғызады.

Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнәр Ситпаева айтуынша, теректер аталығы да, аналығы да бар екіүйлі өсімдік.

«Аналығы пісіп-жетілген соң көп мөлшерде мамық шығарады, бұл көптеген адамда аллергиялық реакция тудырады. Аталықтары мұндай реакция бермейді», - дейді ғалым.

2017 жылы ғылыми қызметкерлер Алматы қаласын көгалдандыру бойынша ұсынымдар жинағын шығарды, оған жергілікті климат пен қалалық жағдайға барынша қолайлы ағаш өсімдіктерінің 200-ге жуық түрі енгізілген.

«Олардың ішінде күзгі отырғызу кезінде шегіршін, үйеңкі, шаған, қайың, емен, жөке, терек және басқа да жалпақ жапырақты түрлері қолданылады. Сәндік ағаштардан қабыржақ, қына ағаш сияқты мәңгі жасыл түрлері отырғызылады», - деді ол.

Отырғызу үшін таңдалған барлық өсімдік көпжылдық сынақтан өтті, қаладағы аязға, құрғақшылыққа және зиянды шығарындыларға төзімділігін көрсетті. 

Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп-баптау мен қорғаудың жаңа ережесіне сәйкес, көшеттерді таңдауда талаптар күшейтілді – белгілі бір мөлшерде (биіктігі кемінде 2-2,5 м), жақсы өскен тамыр жабық әрі шымымен болуы керек. Бұл шаралар ағаштардың тамырланып өсу мүмкіндігін арттырып, қурап кетуін азайтады.