Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары Петропавл және Орал қалаларына гуманитарлық көмек жеткізді

Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары Петропавл және Орал қалаларына гуманитарлық көмек жеткізді
Сурет: Gov.kz

Көктемгі су тасқыны басталғаннан бері Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштары зардап шеккен өңірлердің тұрғындарын эвакуациялауға, мамандар мен жүктерді тасымалдауға жұмылдырылды. 

Бүгін Әуе қорғанысы күштері әскери-көліктік авиациясының бортымен Алматыдан Оралға салмағы бес тонна гуманитарлық жүк жеткізілді. Ал Петропавлға елордадан екі С-295 ұшағы ұшып жетті, олар су апатынан зардап шеккен тұрғындарға он тонна азық-түлік, қажетті заттар мен дәрі-дәрмектерді тасымалдады. 

Одан бөлек өткен демалыс күндері Астана қаласынан Атырау облысына Әуе қорғанысы күштерінің С-295 екі бортымен елорданың кәсіпкерлері атынан он тонна гуманитарлық көмек апарғанын атап өткен жөн.

27 наурыз бен 15 сәуір аралығында әскери ұшқыштар 2 951 жергілікті тұрғынды, оның ішінде 811 баланы эвакуациялады, су тасқынына қарсы шараларға жұмылған қызметтердің 998 өкілін және 165 тоннадан астам жүкті жеткізді. 

Су тасқыны жағдайын ескере отырып, Қарулы күштердің әскери қызметшілері су тасқыны салдарын жоюға және апаттан құтқару жұмыстарына қатысуды жалғастыруда.

Ақтөбе облысында Ойыл елді мекені маңында әскери инженерлер паром арқылы судан өтуді жолға қойды. Бұл өңірге бірнеше әскери бөлімдердің, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының және аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы жұмылдырылды.

Атырау облысында әскери қызметшілердің күшімен Жайық өзенінің арнасын кеңейту және Махамбет, Жаңаталап, Талқайран, Есбол, Еңбекші, Аққайың, Ақтоғай, Жалғансай, Құрылыс, Индербор және Өрлік елді мекендерінің аумағын нығайту жұмыстарын жүргізуде. Маңғыстау облысының аумақтық қорғаныс бригадасы Құлсары қаласындағы бөгетті қалпына келтіруге көмектесіп жүр. 

Батыс Қазақстан облысына 66597, 18404, 61993 әскери бөлімдерінің және аумақтық қорғаныс бригадаларының әскери қызметшілері жұмылдырылды. Орал қаласының «Куриный» шағын ауданының және Бумакөл және Рубежинский елді мекендерінің бойымен ағатын Жайық өзенінің жағалауын күшейту жұмыстары жүргізілуде. Подстепное, Магистральное, Байқоңыс, Дарьинское, Бударин, Жаңабұлақ және Чапаев ауылдарындағы бөгеттер де нығайтылуда. 

Солтүстік Қазақстан облысында 68665 және 31775 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері қапшықтарға құм толтырып, төсеумен айналысуда. Аталмыш іс-әрекеттер «Қызылжар су» су арнасының жанында және Бескөл ауылында жүргізілуде. 

27 наурыз бен 15 сәуір аралығында іс-шараларға барлығы 5 441 әскери қызметші көмектесіп, 211 бірлік автомобиль техникасы, 11 тікұшақ, 2 ұшқышсыз басқарылатын құрылғы және 5 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. 469 мыңнан астам қап дайындалып, төселді.