Қорғаныс министрі жеке құрамға өзінің бірінші орынбасарын таныстырды

Қорғаныс министрі жеке құрамға өзінің бірінші орынбасарын таныстырды
Сурет: Gov.kz

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов генералдар мен офицерлерге Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновты таныстыра отырып, оған жаңа істе табыс тіледі.

Министр Бас штаб пен Қарулы күштер қолбасшылығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылық етуімен орындалатын әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Қорғаныс минситрлігіне сілтеме жасап. 

Ол Сұлтан Бүркітбайұлының жүктелген іске құзыреттілігі, ұйымдастырушылық қасиеттері мен жауапты көзқарасы елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі міндеттерді нәтижелі іске асыру үшін жұмыс істейтініне сенім білдірді.

Одан бөлек министр осы лауазымда кадрлық өзгерістерге дейін қызмет атқарған генерал-лейтенант Марат Құсайыновқа алғысын білдіріп, оның Қарулы күштердің дамуына және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. 

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысының Өкімімен 2024 жылғы 15 қаңтарда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып Қамалетдинов Сұлтан Бүркітбайұлы тағайындалды. Осыған дейін ол Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарғанын айта кеткен жөн.