Қорғаныс министрі қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының жұмысымен танысты

Қорғаныс министрі қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының жұмысымен танысты
Сурет: Ашық дереккөз

Щучинск қаласында Қорғаныс министрі колледж кадеттерімен кездесті

Жұмыс сапары барысында қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Петропавл, Щучинск гарнизондарында болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Петропавлда ол Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровпен бірге байланыс және радиоэлектрондық күрес құралдарын жеткізу мен жөндеуді жүзеге асыратын С.М. Киров атындағы зауытта, сондай-ақ ауыр машина жасау зауытында болды. Онда министрге дүркіндетіп ататын зымыран кешені жүйесін құру жұмысы көрсетілді.

Қарулы Күштердің мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауда отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындарының маңызы зор. Қазақстандық кәсіпорындар әскери техниканың едәуір бөлігіне жөндеу және басқа да қызмет түрлерін көрсетеді.

Қарулы Күштердің мүддесі үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысының көбін отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындары қамтамасыз ететінін атап өткен жөн.

Петропавл гарнизонына жасаған сапарында Қорғаныс министрі кәсіпорын өкілдерінің назарын өндірісті одан әрі жетілдіруге және шығарылатын құрылғылар мен олардың сапасына аударды.

Щучинск қаласында Қорғаныс министрі колледж кадеттерімен кездесті. Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі – кәсіби сержанттар мектебі. Бұл жерде кіші командирлерді даярлау бойынша білім беру бағдарламалары іске асырылады.

Колледжге сапары барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов кадеттермен кездесіп, олардың тұрмыс жағдайымен, тамақтандыруды ұйымдастырумен, сондай-ақ болашақ командирлерді толыққанды кәсіби даярлау үшін қажетті оқу-материалдық базамен және арнайы сыныптармен танысты.