Еліміз Пәкістан нарығына 80-ге жуық тауар шығаруға дайын

Еліміз Пәкістан нарығына 80-ге жуық тауар шығаруға дайын
Сурет: Novosti

Қос тарап тоғыз құжатқа қол қойды.

Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы сомасы 411 млн доллардан асатын 80-ге жуық тауар түрін шығаруға дайын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл келісім Исламабадта өткен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысында жасалды.

«Біздің кәсіпкерлер қазақстандық өнімді Пәкістан нарығына, атап айтқанда, дәнді және бұршақты дақылдар, өсімдік майы, макарон, ұн мен кондитерлік өнімдерді экспорттауға, ал Қазақстан өз тарапынан жеміс-көкөніс өнімдерін импорттауға мүдделі. Болашақта біздің ел Пәкістан нарығына 411 млн доллардан астам сомаға әртүрлі салалардағы өңделген тауарлардың 80-ге жуық түрін жеткізуге дайын», - деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Аталған үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тараптар тоғыз құжатқа қол қойды.

«Жүктер транзиті және тасымалдау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Қазіргі кезде басқа әлеуетті серіктестермен Қостанайдан Хайратонға дейін 2 500 тонна ұн және Пәкістаннан жылына 50 мың тоннаға жуық картоп тасымалдау мәселесін талқылап жатырмыз», - деп тоқталды қазақстандық Dala Trans ЖШС коммерциялық директоры Нұрсұлтан Нәжіметдинов.