Көп балалы аналарға жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады

Көп балалы аналарға жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады
Сурет: Gov.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алған аналарға жәрдемақы тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету кезіндегі адами факторды толығымен алып тастады.

Бұдан бұрын осы жәрдемақыны проактивті форматта тағайындау кезінде Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және Еңбекминінің аумақтық департамент қызметкерлерінің қатысуы қажет болып, нәтижесі 7 жұмыс күніне дейін созылатын еді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ендігі жерде аталған қызметті проактивті форматта алған кезде жәрдемақы тағайындау ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі, соның арқасында қызмет көрсету мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Егер де көп балалы ана «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталса, тиісті мәліметтер Еңбекминінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі.

Әрі қарай жүйе проактивті форматта жәрдемақы тағайындауға келісім алу үшін 1414 нөмірінен SMS хабарлама жібереді.

SMS хабарламаға оң жауап алынған жағдайда жүйе жәрдемақы тағайындау туралы шешімді мүлдем адамның қатысуынсыз автоматты түрде қабылдайды.

Еңбекмині осындай тәсілді басқа да мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде де енгізуді көздеп отыр.